Қостанай облысында А. Имановтың 150 жылдық мерейтойы аталып өтілді

Ұлт азаттық көтерілісінің бас сардары Аманкелді Имановтың 150 жылдық мерейтойы Қостанай облысының Аманкелді ауданында кең көлемде аталып өтілді.

Мерекелік бағдарлама мәдени-спорттық шаралармен шектелмей, танымдық-тағылымдық дүниелерге де толы болды.Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтар той-думанды тамашалап, рухани азық алып қайтты.

Бас сардардың туған күніне арналған шаралар бес күн бұрын басталған. Атбасардың шыққан велошабандоздар тобы дәл той болар күні Аманкелдіге ат басын тіреді. Батыр құрметіне велосипедпен 470 шақырымды жүріп өткен топ мүшелерінің егдесі 78 жаста.

Ернат Мэлсұлы, велошеруді ұйымдастырушы:

- Кең байтақ жерді батыр бабаларымыз, мынау Кенесары хан, Иман батыр, Кейкі батыр, Аманкелді батырлар қорғады. Сол жерді біздің бабаларымыз атпен жүріп қорғаса, біз солар қорғап, мұрагерлікке қалдырған жерді темір атпен, велосипедпен жүріп, насихаттаймыз.

Тойға жиналған қауым алдымен батыр баба ескерткішінің басында құран оқып, дұға бағыштады. Одан кейін сырттан келген көпшілік Аманкелді музейіне барып, Торғай өңіріндегі тарихи орындарды аралап көрді.

Аманкелді Имановтың Татыр көліндегі шайқасын көрсетіп, сол жерде қандай айқас болғаны, Аманкелді батыр атамыз қандай еңбектері ер болғанын сол жерде көрсеттік.

 

Одан кейін мерекелік шара ғылыми-практикалық конференцияға жалғасты. Жиынды ашқан облыс әкімі  ұлттың тұтастығы, жердің бүтіндігі үшін қарақан басын қатерге тіккен батыр бейнесі мәңгі ел жадында сақталатындығын атап өтті.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Жалпы қазақ тарихында батырлар демократиялық принциптерді қалыптастыруда зор рол атқарғаны белгілі. Арада қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен даму қатар жүрген ауыр жылдар өтсе де, Аманкелді батырдың тұлғасы ұрпақ санасында мәңгілікке сақталған. Халық оны азаттық символы деп есептейді.

Той көрігін қыздырған мәдени-спорттық шараларда ауқымды болды.  Қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлерде қонақ асы беріліп, атырапты ән-күй тербеп жатса,  енді бір жерде палаудандар белдесіп, жарысқа түскен сәйгүліктер дала төсін дүбірге бөледі.  

Авторлары: Мағауия Қалиев. Ермек Мұхамедияров