Ембіде жауыннан зақымданған үйдің кем-кетігін мердігер түзейді
Ақтөбе облысының Ембі қаласында 2 жыл бұрын пайдалануға берілген бесқабатты үйге жаңбыр суы кірді.
Төбеден аққан су подъезді бүлдіріп, тұрғындарды әбігерге салған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан қабырғаларды ылғал басып, бірінші қабаттың ластанғанын көруге болады. Бұдан бөлек, кейбір пәтерлердің терезе жақтаулары да сыр берген. Үй 2021 жылы 370 миллион теңгеге бастан-аяқ жөнделген. Қазір мұнда бюджеттік сала қызметкерлері, көпбалалы отбасылар тұрады. Үйдің кем-кетігін бұрын реконструкция жасаған мердігер компания түзейтін болды.
Нұрдәулет Нысанбаев, Мұғалжар аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Ол үйдің кепілдік мерзімі бар. қазіргі таңда біздер, сол үйдің құрылысына жауап берген мердігер мекеме сол жұмысқа кірісіп кетті. Төбесін, барлығын анықтау, қандай материал керек, не істеу керек деген сияқты. Енді амандық болса, осы жетінің 16-сына дейін бүкіл кемшіліктер жойылады деп күтіп отырмыз.