ШҚО-да әскерилердің атыс дайындығы пысықталды
Шығыс Қазақстан обылсында Ұлттық ұлан құрамындағы желілік батальон командирлерінің атыс дайындығы пысықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оқу-жаттығуда әскерилер гранатаны дәлдікпен лақтыру, автоматтар мен снайперлік қару, үлкен калибрлі оқшашарларды қолдану шеберлігін паш етті.
Бұл – Өскемен қаласының маңындағы Ахмирово жаттығу полигоны. Қорғаныс техникасын тізгіндеген Ұлттық ұлан әскерилері ұрыс жүргізу тактикасын көрсетті. Мұндай кезде қару-жарақтарды тап-тұйнақ дайындауға санаулы минуттар жұмсалуы тиіс.
Оқу-жаттығуда стратегиялық жоспарлау, жертасаларда жасырыну мен басқа да әдіс-тәсілдерді қолдану дайындығына басымдық беріледі. Әскери техниканы жүргізу тәжірибесін тексеру де басты назарда болады.
Бағдәулет Төлебеков, Шымкент қаласы 6506 әскери бөлімінің батальон командирі:
- БТР қаруынан №13 нысана бронетранспортер 700 метрдегі арақашықтықта орындадым. Бағасы өте жақсы. Және де №8 жаудың тіл күшін жою. Батальон командирі өзінің жеке құрамындағы барлық қаруды жетік білуі керек.
Бұл кезеңде әскери техниканың экипажы қарсыласқа ірі калибрлі қарумен төтеп беруі керек. Оқтар 1,5 шақырым қашықтағы нысанаға дәлдікпен тиді.
Ал бұл алаңда оқшашарлардан ату әдістері пысықталып жатыр. Батальон командирлері жүктелген міндетті мүдірмей орындауға тырысты.
Мақсат Арыстанбаев, Шымкент қаласы 6506 әскери бөлімінің батальон командирі:
- Біз неше түрлі әскери қаруды қолдана аламыз. Осы жаттығу кезінде шеберлігімізді шыңдадық. Әскери бөлімімізге оралғанда әріптестерімізбен тәжірибе бөлісеміз.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл Тойтарыс-2023» оқу-жаттығуы кезінде әскерилерге бірқатар маңызды міндет жүктеді. Ол – жоғары кәсібилік, мінсіз жауынгерлік әзірлік және күрделі тапсырмаларды орындау. Әскерилер бұйрықты орындауға білек сыбана кірісіп кетті.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабаканов.