Павлодарда жапондық айва ағашы жеміс берді
Павлодардағы экологиялық мектепте жапондық айва ағашы жеміс берді.
Оқушылар мен мұғалімдер экзотикалық өсімдікті жергілікті климатқа бейімдеуге бес жылын жұмсаған. Осы уақыт аралығында түрлі зерттеу мен сынақтар жүргізілді. Мамандардың айтуынша, Шығыс Азия елдеріне тән айваның сан алуан сұрыптары бар. Еліміздің солтүстік өңірі үшін «мармелла» деген түрі таңдалды. Бұл жеміс құрғақ ауа райына төзімді, әрі ұзақ уақыт гүлдейді. Биыл оның бірнеше келісі жиналды. Келер жылы тағы ондаған ағаш отырғызу жоспарланған. Жалпы айва оқушылар баптап өсірген алғашқы экзотикалық жеміс емес. Қазір экологиялық мектептің саябағында лимон, авокадо ағаштары жайқалып тұр.
Ахмет Қапашев, облыстық экология және туризм орталығының бөлім меңгерушісі:
- Жапондық айваны жеміс қана емес, жасыл қоршау ретінде де пайдалануға болады. Қызыл гүлдері өте әдемі. Өсімдік бір жарым ай бойы гүлдеп тұра береді. Сондықтан экзотикалық жемісті қаланың ландшафттық дизайнында да кәдеге асыруға болады.