Ерекше балаларды тегін жаттықтыратын азамат
«Кез келген спортта қатаң тәртіп керек. Мұны бұл балалар да түсінуі қажет. Сөзбен қамшылау арқылы олардың ерік жігері артып жылдам дамиды», - дейді Садық Байымбетов.
Ол бастаған бапкерлер командасы ерекше қажеттілігі бар балаларды аптасына 3 күн жаттықтырады. Бокс, күрес, қолкүрес, жекпе-жек және жүгіру сияқты спорт түрлері жан-жақты қамтылған.
Садық Байымбетов, дене шынықтыру және оңалту клубының жетекшісі:
- Ата-аналардың ризашылығы оң деп ойлаймын. Бұл енді қайырымдылық жоба. Осы елдің азаматы болғаннан кейін әрқайсысы осы өмірге өзінің жақсылығын алып келуі керек. Себебі біз де осы елдің өсіп келе жатқан батырымыз. Осы бауырларымызға, балдарға көмектесіп. Қай уақытқа дейін шетелге барып үйренеміз. Керісінше олар бізге келіп үйренсін. Бізде қазақтарда бар көрсететін нәрсе.
Ернұр бұл клубқа алғаш рет 8 жасында келді. Бастапқыда өздігінен жаттығу жасай алмайтын. Өйткені оң жақ аяқ-қолын қозғалту қиынға соққан. Содан бері 4 жыл өтті. Қазір әбден ысылды, жүріс-тұрысы жинақы бола бастады. Біраз дос тапты.
Бақытгүл Балмаханова, Ернұрдың анасы:
- Жарыстарға қатысты. Жүлделі орындар алып жатырқ. Осы үйірменің арқасында деп ойлаймын. Садық ағайымызға алғысымыз шексіз. Ол кісілердің демеушілігі болмаса, осындай ұйым ашылмаса, балалар шет қалып қояр еді.
"Жас жауынгер" клубы 2018 жылы Астана қаласында ашылды. 2021 жылы "үздік ұйым" деп танылды. Қазір еліміздің 5 өңірінде филиалдары бар. Жаттықтыру әдістемесінің авторлық құқығы қорғалған. 1,5 сағаттық бағдарлама ішінде ерекше бала өзін сау баладай сезінеді, дейді ата-аналар.
Бақытгүл Балмаханова, қала тұрғыны:
- Мына залға қарасаңыздар. Оң жағымызда дені дұрыс сау балалар жұмыс істеп жатыр. Мына жерде ерекше балалар. Ана балаларға қарағанда біздің балалар әлсіз ғой. Оларды көрген біздің балалар мотивация алады. "Неге біз сол балалар сияқты жаттықпаймыз, біз ол балалардан кембіз бе" деп баланың ынтасы көбейеді.
Өз кезегінде 12 мүшесі сау балалар денсаулықтың қадірін түсініп, өмірге деген көзқарасы жақсы жағына қарай өзгереді. Жаттығу алаңында бір-біріне жанашырлықпен қарай бастайды, дейді Садық Байымбетов. Таяуда ол ерекше балалармен бірге Біріккен Араб Әмірліктеріне барып келді. Алдағы уақытта Франция, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан елдерінде жаттығу алаңдарын ашқысы келеді. Қазір келіссөздер жүріп жатыр.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров