Атырауда электр сымын ұрлағандар ұсталды
Атырауда жаңа электр желілерін тонаған қылмыстық топ мүшелері қолға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Доссор-Құлсары арасында жұмыс істеп жатқан компания бірнеше шақырымға созылған сымның үнемі ұрланып келгенін айтып, полицияға шағымданған. Ұрылар бетон бағандарды құлатып, тартылған кабелдерді көлікке тиеп әкетіп отырған. Ал сымды Ақтөбе қаласындағы металл сынықтарын қабылдайтын орындарға өткізген. Ұрланған мүліктің бағасы шамамен – 100 млн теңге.
Иса Бекқалиев, облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының басшысы:
- Жедел іздестіру шараларын жүргізу кезінде Жылыой ауданы аумағында бағанаға ілінген электр кабельдерін жасырын жымқырып жүрген 4 аудан тұрғынын анықтап, ұстады. Сондай-ақ 1999 жылы туылған күдіктінің Газель автокөлігінен тінту кезінде шамамен 4 шақырым жоғарғы вольтті электр кабелі тәркіленді. Күдіктілерді жауаптау барысында жасаған әрекеттерін мойындады.