Қ.Тоқаев: Қасиетті кітаптар қорғалуға тиіс

Құран секілді қасиетті кітаптың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс.

Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы Бас Ассамблеяның сессиясында айтты. Бұған дейін бірнеше елде құран өртенген еді. Қазақ Президенті әлем мінберінен мұндайға енді жол бермеу керек екенін  айтты. "Біз Бас хатшы ұсынған "Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін" қолдаймыз. Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек. Қазақстан келесі жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ пактісін қабылдау ісінде сындарлы және қолдаушы рөлін атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог маңызды рөл атқарады",-  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс.