Көкшетаудағы Қарағай ауылы ұзақ уақыт бойы жол азабын көріп отыр
Көкшетау қаласының іргесіндегі Қарағай ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері жол азабын тартып отыр.
Ашынған ауыл халқы редакциямызға хабарласты. Осыдан екі жыл бұрын ауылдың кіреберіс жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ, сапасыз төселген жол бүгінде баяғы қалпына түскен.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Қарағайлы ауылының бұл жол ширек ғасырдан астам уақыт жөндеу көрмепті. 2021 жылы орташа жөндеу жасалады дегенде жергілікті тұрғындар бөркін аспанға атып қуанған. Бірақ қуаныш көпке созылған жоқ. Себебі, бір жыл өтпей жолдың тоз-тозы шығып, асфальттар міне үгітіліп жатыр.
300-ге жуық тұрғыны бар ауылға қазір көліктердің өзі әрең қатынайды. Тіпті соңғы уақытта ойдым-ойдым жол салдарынан мұнда апат көбейген. Қазір ауылдағы 30-дан астам оқушы көрші елдімекенге қатынап, оқиды. Жергілікті тұрғындар, бірінші кезекте осы жолмен күнде жүретін балғындар үшін алаңдайды.
Мұрат Оспанов, Қарағай ауылының тұрғыны:
- Ең қорқатын нәрсеміз мындағы оқушыларды Еленовка орта мектебіне балалар автобусы тасиды. Мынадай жолмен бірдемеге ұшырап қаламыз ба деп қауіптенеміз, өте қорқамыз. Еленовкамен екі ортада төбе бар. Соның ар жақ, бер жағын ойып тастаған. Шұңқыр. Мына жақтан келе жатқан машина қарсы келе жатқан көлікті байқамай соғылып қалады.
Зияда Серғали, Қарағай ауылының тұрғыны:
- Жедел жәрдем шақырсақ ол да қиынсынады келуге. Жолдарыңыз нашар деп. Елдің бәрінде жеңіл көліктері жоқ. Кейбіреулер Еленовкада такси шақырады. Еленовкадан таксилар 1200 теңге алса, бізден 2 мыңнын үстінде алады. Жолдарыңыз жаман бармаймыз деп.
Екі жыл бұрын салынған жолдың сапасы сың көтермейді. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені жолдың сапасына жауаптылар арнайы сынама алып, зертханаға жіберген.
Жанат Салықов, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" облыстық филиалының инженері:
- Салынған жолдың сапасына қатысты бірқатар ақаулар анықталды. Жалпы 11 сынама алынды. Зерханалалық сараптамаға сәйкес 11 сынама да талаптарға сай келмейді. Қазір барлық ақаулар бойынша тапсырыс беруші мен мердігердің атына арнайы хат жолданды.
Жалпы ауылдың кіреберісіндегі бес шақырымды жөндеуге жергілікті қазынадан 100 миллионнан астам қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта мердігерлер жұмысты қайта жандандырып, келесі айда аяқтауға ниетті.
Есімхан Байғабылов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:
- Жол құрылысына қажетті барлық материал дайын. Тек қазір мердігерлер көлік мәселесі бар екенін айтады. Олар жұмысқа 25 қыркүйектен бастап қайта кірісуге уәде берді. Егер жұмыс осылай тұралап тұра берсе онда тиісті компанияны сотқа береміз.
Осылайша, аудандық әкімдік өкілдері құрылыс жұмыстары қазан айының соңында аяқталды деп сендірді. Ал, құрғақ уәдеге үйреніп қалған ауыл тұрғындары бұл сөзге сенер-сенбесін білмей отыр.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный