Атырауда бесаспап көлік жүргізушісі тұрады
Атырауда 4 бірдей темір тұлпарды тізгіндеп жүрген Құрмет Семғалиев деген бесаспап көлік жүргізушісі тұрады.
"Арнаулы автобазаның" ардагер-жүргізушісі 20 жылдан бері табан аудармастан қала тазалығына атсалысып келеді. Тұрғындарға тұрмыстық қызмет көрсететін мекеменің тірлігі қаншама қауырт болғанымен Құрмет Семғалиев қолы қалт етсе, өзіне бекітілген техникаларын жөндеп, жас мамандарға бағыт бағдар беруден бас тартқан емес
Құрмет тізгіндейтін 4 техниканың бірі осы КАМАЗ автокөлігі. Ол жазда бауырына сыпырғыш іліп көше сыпырса, қыста қорабына тұз аралас топырақ артып тасиды. Қарамағында одан өзге қаланы судан арылтуға арналған «Урал» жүк көлігі мен ескерткіштер мен биік ғимараттарды жуатын арнаулы техника тағы бар.
Құрмет Семғалиев, көлік жүргізуші:
- «Камазды» алғаныма 7 жыл болып қалды. Ол «новый» камазым бір өзі 3 функция атқарады. Көшелерге су шашады, сыпырады, қыста да атқаратын жұмыстары бар топырақ тасып «пешеходтар» мен көпірлерге шашамыз.
Автобаза ауласынан күніне 90 автокөлік шығады. Мекеменің басты міндеті қала тазалығы болғандықтан тыным жоқ. Қоқыс шығарады, көше тазалайды, ал қыс айларында қар аршып, көшелерге тұз ерітіндісін төгеді. Демек, ерінбей еңбек еткенге атқаратын шаруа жеткілікті
Мақсот Ишаев, "Арнаулы автобаза" ЖШС бас инженері:
- Құрмет ағамызды айтатын болсақ, осы мекемеде 20 жылдан астам жұмыс істейді. Қасында жүрген жастарға тәлім-тәрбиесін береді, үйретеді. Бұл жігіттің қасиеті күн-түн демей телефон соққан уақытта үйінен келіп жұмысын атқарады.
Қазір автобаза ұжымы қысқа дайындықы пысықтау үстінде. 30 арнаулы техника сақадай сай тұр. Қалғандары қазан айына дейін жөнделіп шығады. Өз ісіне жанымен берілген Құрмет Семғалиев сынды майталмандар еңбек ететін ұжымда басқаша болу мүмкін емес.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов