Өскеменде жас қаламгерлер қатары артуда

Өскеменде мектеп оқушылары жазған 50 кітап оқырманға жол тартты.

Осылайша балалар кітапханасының қоры қызықты туындылармен толыға бастады. Шығармашылыққа құштар жасөспірімдердің бәрі психолог,жазушы   Елена Липилинаның шәкірттері. Балалар алдымен әңгіме, ертегілердің қысқа нұсқасын өз бетінше қағаз бетіне түсіреді. Ары қарай ол өңделіп баспаға жіберіледі.

Расымен де, бұл кітаптардың орны бөлек. 12 жастағы қаламгерлер жазған әр шығарманың айтары ерекше.Жұқа болса да, жүйрік ойға, бала қиялға толы. Ангелина Альтак саяхатшы мысық туралы аңыз әңгіме жазыпты.Туындысы замандастарын таң қалдырды.

Ангелина Альтак, жас қаламгер:

- Мен  мысықтың басынан кешкен оқиғаларын баяндадым. Онда достық та, адалдық та дәріптеледі. Ол Квин атты жақсы адаммен бірге талай қызықты бастан кешеді. Шығарманы жазған ғана емес, оның оқиғасына сай суретін салу да ерекше әсер қалдырды.

Жасөспірімдерге жетекшілік ететін Елена Липилина жазушылықтан қаражаяу емес. Өлеңдер жинағының авторы.Енді шеберлігін келешек ұрпаққа үйретіп жүр. Сөйтіп балалар  гаджеттен емес,  әдебиеттен тәлім тәрбие алса  деген арманы бар.

Елена Липилина, жазушы, психолог:

- Бұл кітаптарды тек балалар ғана оқып жүрген жоқ. Олардың ата-анасы, туған туысы да оқиды. Осында келген өзге оқырмандар да бірден назар аударады. Сондықтан жас қаламгерлер әлі талай танымал шығарма жазады деген сенімдемін. Арасынан мықты жазушылар да шығады.

Айзере Әшірханова оқуға құштар балалардың бірі. Оны замандастары жазған ертегілер де, кітаптағы суреттер де бірден қызықтырыпты.

Айзере Әшірханова, оқушы:

- Бұл кітаптарды көргенде әр түрлі суреттер көрдім.Оқиғаларды оқыдым. Мысықтың жаңа жыл туралы,оған аяз ата бутерброд әкеліп беріпті.Әр түрлі мысықтың,жаңа жылдың суреттері тұрды.

Бұл туындылар  кітапхана қорын молайтып қана қоймай, кітапқа деген сұранысты арттырды.

Роза Ауытханова, кітапханашы:

- Бұл кітаптар бізде өте үлкен сұраныста және балалар бұл кітапты бізге өздері сыйға тартады яғни тегін деген сөз және кітаптарды шығаратын баспа да бұны тегін басып шығарады.

Енді талантты жасөспірімдер өздерін тағы бір қырынан сынап көрмек. Олар алдағы уақытта жазылған шығармалар желісімен мультфильм түсіруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов