Қазақ өнерпаздары Оңтүстік Кореяда өткен би карнавалына қатысты

Түркістан өнерпаздары алғаш рет Оңтүстік Кореяда өткен би карнавалына қатысты.

«Қаған» этно-фольклорлық ансамблі мен Ясауи атындағы университеттің «Би Сұлтаны» тобы Вонджу қаласында өнер көрсетті. Вонджудағы би карнавалының 12 жылдық тарихы бар. Биыл оған алғаш рет Қазақстан, Вьетнам және Жапониядан келген өнерпаздар қатысты. Сахнаға барлығы 200-ге жуық команда шықты. Фестивальде алғаш рет заманауи жарықтандыру құралдары мен дрондар пайдаланылды. Биыл карнавалды 40 мың көрермен тамашалады.

Ким Джон, Вонджу қаласы би карнавалының бас директоры:

- Қазақстан – өте әдемі, мәдениеті бай ел. Біз Қазақстанның бұрынғы Мәдениет министрі Дүйсен Қасейіновтен фестивалімізге қазақ ансамбльін әкелуін өтіндік. Екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастығымызды жалғастырамыз.