Алматы полициясы электр самокатқа көше бастады
Алматының тәртіп сақшылары электр самокатқа көше бастады.
Әзірге мобильді патрульдер сынақ түрінде қаланың Медеу ауданында ғана жұмыс істеп жүр. Болашақта шаһардың барлық саябағын самокатпен патрульдейтін ұшқыр топтарды жасақтау жоспары бар.
Қазір полиция қызметкерлері бірнеше жаяу жүргіншілер аумағындағы тәртіпті қадағалап, тұрғындарға электр көлігімен жүрудің ережесін түсіндіріп жатыр.
Жаңа заң қолданысқа енген соң электр самокатын пайдаланушылар велосипед жолдарымен және жол жиегімен ешбір шектеусіз жүре алады. Ал жаяу жүргінші жолына түссеңіз жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмау қажет. Екі дөңгелікті көлікке мінген мобильді топтар әзірге Медеу ауданындағы Терренкур саябағындағы тәртіпті бақылауда. Полиция өкілдері бұл маңайды жаяу патрульдеу қиын болғанын айтады. Себебі, тәртіп бұзғандар желдей жүйткіп самокатпен ұстатпай кетеді екен.
Әділбек Қозыбек, Медеу АПБ жергілікті полиция бөлімінің бастығы:
- Басталғалы бері бізде күніне кезекшілікке үш қызметкер түседі. Үш қызметкер таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 4-ке дейін жүреді. Әрине тәртіп бұзатындар өте көп. Әсіресе жастарымыз, студенттер. Соларға ескертіп жол шетімен жүру жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тәжірибе қар түскенге дейін жалғасады. Оң нәтиже берсе мұндай патрульдер қаланың барлық аудандарында жұмыс істейді. Бұл бастаманы қала тұрғындарыда құптап отыр.
Назарбек Нәлібаев, қала тұрғыны:
- Мұндай патрульдің жұмысын қолдаймын. Себебі машинамен жүріп саябақ, өзен жағасын бақылау қиын. Ал балалардың самокатты қатты тебетіні жасырын емес. Жастар қауіпсіздікке мән бермейді.
Нұржан Жұмаш, қала тұрғыны:
Самокатты жақын қашықтықта ғана айдаймын. Халықтан естіп жатырмыз, иә, самокаттар жолдың ортасында көп айдай бастағанында естіп жатырмын. Негізі осындайға байланысты патрульдің құрылғанына қосыламын.
Тәртіп бұзған электр самокатын мінген азаматтарға 7 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Әкімшілік кодекстің 615-бабымен осындай жауапкершілік көзделген. Егер өзге көлікпен соқтығысып немесе адам қақса самокат жүргізушісі бұдан 5 есе көп айыппұл төлейді. Жыл басынан бері Алматыда самокат мінгендердің қатысуымен 18 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Өкінішке орай біреуі адам өлімімен аяқталған.
Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов