«Хабар» арнасынан «Оянған өлке» бағдарламасы көрерменге жол тартты
Жергілікті атқарушы орган мен халықтың арасын байланыстыратын жобада аудандық, ауылдық жерлердегі түйткілді мәселелер талқыланады.
Әл-Фараби Серіков, тілші:
- Оянған өлке бағдарламасы «Хабар» арнасынан аптасына бір рет, яғни жексенбі таңғы сағат 09:00-де көрсетіледі. Ұзақтығы: 50 минут. Әр апта сайын республикамыздағы аудандардың мәселелері жан-жақты талқыланатын болады.
Бағдарламаның әр шығарылымы белгілі бір аудан немесе елді мекендегі өзекті мәселелерге арналған. Ондағы көкейтесті түйткілдер айтылып қана қоймай, нақты шешімі де ұсынылады. Жауаптылар мән-жайды түсіндіреді. Аймаққа жауапты әкімдер де ойларын ортаға салады. Атқамінерлер телеарна эфирінен халық алдында есеп береді.
Әмина Нұрпейісова, продюсер:
- Бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі – ол осы Мемлекет басшысының Халық үніне құлақ асатын Үкімет қағидасы негізінде ауданның, халықтың жалпы өңірдің үнін жоғары билік өкілдеріне жеткізу, тиісті министрліктерге жеткізу.
Жанжігіт Омархан, бағдарлама жүргізушісі:
- Бұл – сөздің емес, істің бағдарламасы. Себебі нақтылықты көрсетеміз. Яғни, мемлекеттік бағдарламалардың атқарылу барысы, аудандарда жасалып жатқан жұмыстарды осы алаңда талқылаймыз.
Тұрғындардың базынасын оңтайлы жолмен шешу үшін бағдарламаға Сенат, Мәжіліс депутаттары мен саяси сарапшылар да қатысады. Осылайша, белгілі бір аймақ төңірегінде қордаланған мәселелер республикалық деңгейде шешімін табуы тиіс.
Ислам Сұңқар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл жерде әрбір қоғам өкілдерінің ойы айтылатын жер деп білемін. Бұл бағдарлама арқылы, менің ойымша, тиісті ой түйткілдеп, қандай да бір депутаттық сауалдар қосымша ұсыныстар жасауға болады деп санаймын.
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
- Қоғамның үні жетпей жатқан жерде жергілікті биліктің құлақ асуы немесе жергілікті биліктің жасап жатқан әрекеті қоғамға жетпей жатқан тұстары осы бағдарлама арқылы ашық көрінеді. Қоғамдық талқы бар жерде, әрине, ақиқат ашылады.
Өңірлердегі өзекті тақырыптарды қаузайтын бағдарлама әр жексенбі күні «Хабар» арнасында таңғы сағат 9:00-де көрсетіледі. Тұрғындар мазалаған сұрақтарын әлеуметтік желі арқылы бағдарлама редакциясына жолдай алады.
Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Мұрат Әріпханов.