Ақтөбе облысының тұрғыны ауылдастарын көкөніспен қамтып отыр
Ақтөбе облысының тұрғыны Құтым Қасенов отыз жыл бойы ауылдастарын өз қолымен өсірген көкөніспен қамтып отыр.
Байғанин ауданындағы жалғыз селекционер-бағбан өсімдікті будандастырып, тұқымның жаңа түрін шығаруға да машықтанған. Жасы сексенге таяған зейнеткер өзгелерге көрген-білгенін үйретуден аянбайды. Президент жолдауында: Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн - деген болатын.
Құтым Қасеновтың жылыжай ұстап келе жатқанына отыз жылдан асқан. Қияр мен қызанақты көлегейлеп өсіреді. Алғашында оның бұл кәсібіне көлденең жұрт күмәнданған. Қазір ауданды жылыжайдан жаңа жиналған өніммен қатар жазғытұры көшеттермен де қамтып келеді. Ал соңғы жылдары жаңа технологияға иек артып, өсімдіктерді будандастыру арқылы жаңа тұқымын алған.
Құтым Қасенов, бағбан:
- Ол сорт шығады. Қалып қояды. Ұнамай қалады. Қазір осы арада 5 сорт помидор өсіріп отырмын. Өзім будандастырған бар, содан тұқым алып, будандастырып тұқым алып, бірінші рет егіп отырмын. Бұл помидор деген керемет шыққыш зат. Бұтағын қиып тастап, шөлдегенде сала қойсаң екі сорттан бір сорт помидор шығады.
Зейнеткер аумағы 600 шаршы метрге тең жылыжайдан күніне 50 келі өнім алады. Аудан орталығымен қоса жақын маңдағы елді мекендерге көкөніс өткізеді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Бұл жылыжайда дәстүрлі қызанақ пен қиярдан өзге елімізде сирек кездесетін өсімдіктерді де көруге болады. Мәселен мынау авокадо ағашы. Ақсақал тұқымын Түркиядан арнайы алдырған. Жақын уақытта мангоны да егуді жоспарлап отыр.
Мұның бәрі отыз жылғы еңбектің зейнеті, дейді қария. Күнделікті тірліктің нәтижесін келешек ұрпаққа үйретуді мақсат етеді. Одан тәлім алуға Ақтөбеден бөлек, жылда Атырау, Маңғыстау, Ақмола облыстарынан, Алматы мен Астана қалаларынан арнайы келетіндер бар. Өнімі мол жылыжай салуға бел шешкендерге тегін дәріс береді.
Құтым Қасенов, бағбан:
- Менің самый главный мақсатым оқыту. Телефонмен салдырып, телефонмен оқытып, сосын өзім рассадасын дайындап беремін бірінші жыл. Сосын анау шылаушын дейді ғой. Құрт. Калифорнийские черви. Сонысын дайындап беремін. Сосын бірінші жылы телефонмен суретін жібереді. Ауырып тұр ма, сырқап тұр ма соның барлығын айтып отырамын. Әрі қарай өзі жалғастырып алып әкетеді.
Құтым Қасенов қосымша жылыжай салуды жоспарлап отыр. Жер-жерден жүзімнің 7 түрлі тұқымын алдырған. Оны да ғимарат ішінде жыл мезгілімен есептеспейтін өнім беретіндей етпекші.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнаджин Молдабеков