Ақтөбе облысында егіздер ауылы бар
Ақтөбе облысындағы Алтай батыр елді мекенін ел егіздер ауылы деп атайды.
Өткен 60 жылда осы жерде 30-дан астам егіз дүниеге келген. 900-ге жуық тұрғыны бар шағын ауылдағы демографиялық дүмпудің сыры неде?
Екінші сыныпқа енді қадам басқан Бибіханым мен Тұмарханымның түр-тұрпатында айырмашылық жоқ. Бірақ әрқайсының өзіне тән мінезі бар. Бір сыңары ашық болса, екіншісі туғанынан тұйық. Көп сөйлегенді жаратпайды. Бибіханым есеп-қисапқа жақын. Ал Тұмарханымның шығармашылыққа қызығушылығы басым.
Алтай батыр ауылында егіздердің дүниеге келуі қалыпты үрдіске айналған. 300-ге жуық түтіні бар елді мекеннің өзінде 30-дан астам жұп бүлдіршін дүниеге келген. Мұны естіген ырымшыл жұрт төте жолдан тыс жатқан елге арнайы бас сұғып, түрлі жоралғылар жасайтын болған.
Тамаша Елшібекова, Алтай батыр ауылының тұрғыны:
- Келіп жатады Атыраудан, Ақтөбеден, Алматыдан жас отбасылар, бала сүйе алмай жүрген. Балалы болғысы келіп жүргендер ырымдап киімдерін алып кетеді қыздардың. Өздерінің ниеттерін білдіріп түнеп жатады ауылға келіп үйлерге. Барлығы да сәтті аяқталады. Барлығы да сәбилі болады деп ойлаймын. Тілекшіміз.
Әдетте тұқым қуалайтын бұл құбылыстың Алтай батыр ауылында ерекшелігі бар. Жеті атадан бері егіз таппаған әулеттің келіндері де құрсақ көтеріп, қос-қостан бөбек дүниеге әкелуде. Ел ақсақалдары бұл жайтты осымен төртінші ұрпақтан байқап келеміз, дейді.
Үзіл Төлешева, Алтай батыр ауылының тұрғыны:
- Сондай киелі ауыл не болғанда да. Ойдай егіздер бар. Менің тұқымымда егіз бар. Әкем егіз. Содан енді дарыған шығар жиендеріне деп отырғаным.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Егіздер ауылының сыры жергілікті тұрғындар дәл осы бұлақта дейді. 1964 жылдан бері ағып жатыр. Ел іргесіне ауыз су құбыры жеткенімен халық тек осы бұлақтың суын ғана ішеміз дейді.
Артезиан бұлағының тереңдігі 250 метр. 60 жыл бұрын бұрғыланған. Жоғары қысыммен атқылап жатқан тұщы су іргедегі Сағыз өзеніне барып құяды.
Мейрам Есетбаев, Алтай батыр ауылының тұрғыны:
- Өзім осы 1966 жылы көшіп келдім. Сол жылдан бері осы жерде тұрып жатырмын. Мен келгенде ағып тұрған артезиан әлі ағып тұр. Құдайға шүкір. Бұл бұлақтың өзі сыры бар. Біліп жатыр елдің бәрі.
Егіздер феномені адамзатты әрдайым қызықтырады. Бірақ олардың дүниеге келу алгоритмі мен сырын ғылым әлі анықтай қойған жоқ. Ақтөбе өңіріндегі егіздер ауылындағы демографиялық өсімін жергілікті тұрғындар таңғажайып құбылысқа балайды.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков