Абай облысы Кешірім Бозтаевтың 90 жылдығын атап өтті

Абай облысы қоғам қайраткері Кешірім Бозтаевтың 90 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Есімі сөнбес ұлы тұлға» деген тақырыпта ғылыми-конференция ұйымдастырылып, жерлестері қайраткердің елге сіңірген еңбегі мен қызметі жайында естеліктерімен бөлісті. Кешірім Бозтаев Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан жан. Ол Семей полигонындағы ядролық сынақтарға алғашқылардың бірі болып қарсы шықты. Қоғам қайраткерінің 90 жылдық мерейтойы құрметіне орай Кешірім Бозтаев атындағы гимназияның жанындағы музей жаңартылды.

Гүлнұр Әбутәліпова, К. Бозтаев атындағы қазақ гимназиясының директоры:

- Бүгінгі конференция біздер үшін болашақ Қазақстанның ұрпағы үшін өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені Кешірімхан Бозтаев жай ғана қазақ қоғамының қайраткері емес, Кешірімхан Бозтаев – алапат полигонды жабудың ең басында тұрған ұлы тұлғалардың бірі.

Сайлаухан Райымбеков, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

- К. Бозтайұлының жанында болдым. Бірінші үлкен дау туды ғой. Атылған жарылыс басқа күндерге қарағанда мыңдаған есе микрондық радиациясы өсіп кетті. Оны бірінші К. Бозтайұлына хабарлаған мына шағанда әскери бөлімнің басшысы сол кездегі генерал Бредихин хабар берді. Содан бастап мына полигонның зардабымен үлкен күрес басталып кетті.