«Азаматтарға арналған үкіметтің» мәртебесі өзгереді
«Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жабу керек. Сөйтіп, барлық құжатты онлайн алу қажет». Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов осындай ұсыныс жасады.
Бірақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі алдағы уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтарын қысқарту қарастырылып жатқан жоқ деді. Әсет Тұрысов мемлекеттік қызметтердің 20%-і осындай орталықтар арқылы көрсетілетінін айтты. Себебі азаматтардың компьютерді немесе смартфондарды меңгеру деңгейі әртүрлі.
Бұл мәселе бүгін Мәжілісте қаралды. Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәртебесін өзгерту көзделіп отыр. Корпорация мемлекеттік қызметтердің жалғыз операторы мәртебесінен айырылады. Оған Е-Өтініш ақпараттық жүйесі шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау құзыреті берілмек.
Данабек Исабеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл бірыңғай провайдер арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін ұлғайту бойынша үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік корпорацияға ақпараттық жүйе аясында өтініштерді қабылдауды ұйымдастыру құзыретін беру ескерілген. Бұл норма азаматтарға әкімшілік органдарға жүгінуге, жауап алуға, сондай-ақ өтініштерді қарау сапасын бақылауға мүмкіндік беретін пилоттық режимде тексерілген жүйені («Е-Өтініш») пайдалануды заңнамалық тұрғыдан бекітеді.