«Дін туралы» заңның кейбір нормасы қайта қаралады

Жуырда Парламент депутаттары Дін туралы заңның кейбір нормаларына өзгерту енгізу туралы бастама көтерген болатын.

Онда Парламент өкілдері Премьер-министрге депутаттық сауалдар жолдап, «дінге, тілге, жерге қарсы ағымның бәріне, заңмен тосқауыл қойылуға тиіс» - деген еді.
Бүгін баспасөз өкілдері үшін брифинг өткізген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Құрметті әріптестер, діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті! Өйткені олар ұлтты жою күресін қатты қарқынмен жалғастыруда.

Осы сәрсенбіде өткен мәжілістің жалпы отырысында дін тақырыбы көтерілген еді. Депутаттар қазір бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатқанын айтып, дәстүрімізге қайшы ағымдарға заңмен тыйым салу керек деді. Қазыбек Исаның бастамасын депутат Ермұрат Бапи да қолдап, Премьер-министр мен Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасына сауал жолдады. Оның айтуынша теріс ағымдар әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде белең алып барады.

Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. Бұдан 12 жыл бұрын – 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қоғамдық қажеттілігін көтеретін кез келген жоқ па?

Депутаттар ендігі жерде «мемлекет – діннен бөлек» немесе «дін – мемлекеттен бөлек» деп, сырттай бақылаушы болып, самарқау отыруға болмайды дейді.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізде ұлттық идея толық жұмыс істеуі керек. Сондықтан да идеологиялық жұмыстар болу керек.

Өңірлерде, дін істері басқармаларын бөлек мекеме ретінде қайта ашып, олардың кадрлық әлеуетін күшейту керек. Кеше осылай деп мәжілістегі әріптестерін Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп те қолдады. Дін тақырыбына қатысты екі палатаның да өкілдері үн қатқан соң, бүгін министр Аида Балаева пікір білдірді. Ведомство басшысының айтуынша депутаттар мен қоғам белсенділері көтерген мәселелер министрлікте талқыланып, сарапталады. Содан кейін ғана тиісті жұмыс жүргізіледі. Сөйтіп «Дін туралы» заңның кейбір нормасы қайта қаралуы мүмкін.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Бүгінде дәстүрлі дін ағымдарымен қатар, жат ағымдар да белсенді бола бастағанын көріп отырмыз. Сондықтан министрлік 3 бағытта жұмыс істеп жатыр. Тәулік бойы интернет-ресурстары бақылауда. 1 қаңтардан бастап қыркүйектің соңына дейін лаңкестік пен экстремизмді насихаттау бойынша 14 860 материал анықталды. Біз депутаттардың сауалдарын да тыңғылықты зерттейміз. Осы орайда дін туралы заңның бөлек нормаларын қайта қараймыз. Қазіргі заңда диструктивті діни ағымдар бойынша түсінік те жоқ. Бұл қоғамның пікірін тыңғылықты зерттеуді қажет етеді.

Аида Балаева ұлттық қауіпсіздік қашанда бірінші орында тұрады деді. Сондықтан министрлік талаптарды күшейтіп, заңды қатаңдату бойынша жұмыс істейді. Алдымен комиссия құрылып, заң әзірленеді. Ол ашық үкімет порталына түседі. Кейін құжат Мәжіліс пен Сенатқа жолданады.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы