Қарағанды облысында кәріз суын тазартатын станция іске қосылады
Қарағанды облысының Приозерск қаласындағы кәріз суын тазартатын станцияның құрылысы биыл аяқталатын болды.
Тоғыз жыл бойы тоқтап тұрған жобаны жүзеге асыруға қазынадан қосымша 100 миллион теңге қаражат бөлінген.
Кәріз суын тазартатын мына станцияның құрылысы 2014 жылы басталып, 2017 жылы аяқталу керек болатын. Ол үшін қазынадан 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Нысанға қажетті қондырғылардың басым көпшілігі Еуропа елдерінен жеткізілуі тиіс еді. Алайда валюта бағамының күрт өсуіне байланысты құрал-жабдықтар қымбаттап, жоба аяқсыз қалған. Тек биыл ғана сең қозғалып, жобалық-сметалық құжаттарға түзетулер енгізілді.
Ақан Жүсіпов ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Қымбаттағаннан кейін бұған бір 100 миллиондай қосымша бөлінді. Іске қосу жұмыстарына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұйыртса ағымдағы жылы іске қосамыз ба деп жоспарлап отырмыз. Бұл жердегі негізгі мақсат қоршаған ортаны және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту.
Қазір станция басында электр желілерін тартып, қондырғыларды іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл соңына дейін нысан дайын болады. Бірақ толық өндірістік қуатына келесі жылдың көктемінде шығады, - дейді мамандар. Кәсіпорын тәулігіне 8 мың текше метр кәріз суын тазарта алады.
Амантай Иманғалиев, станция басшысы:
- Далада аэроциядан өтеді де, мелкий механический очисткаға келеді. Осыдан кейін ультрафиолетке жібереміз суды. Ол жерде су ультрафиолетпен тазартылады. Бактерия жойылады, иловый яма деген бар, сол жерге су құйыла бастайды.
14 мыңға жуық тұрғыны бар Приозерск қаласынан тәулігіне 7,5 мың текше метр қалдық су шығады. Әзірге оның барлығы ескі әдіспен іргедегі тоғанға құйылып жатыр. Осылайша қоршаған ортаға айтарлықтай зардабын тигізуде.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Қазір кәріз суы түгелдей мына көлшікке төгіліп жатыр. Әсіресе жаз айларында жел терісінен соққан кезде қолқаны қабатын сасық иіс қалаға дейін жетеді екен. «Енді станция іске қосылса бұл жағдайдан түбегейлі құтыламыз», - дейді мамандар.
Ең бастысы, тазартылған техникалық суды кейін қайтадан қалаға жіберіп, түрлі мақсаттарға пайдалануға болады екен. Бұл біріншіден ауызсуды үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда жобаны жүзеге асыру үшін тағы қосымша қаржы керек.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар