Ақтөбеде көшелерді абаттандыру ісінде олқылық көп
Ақтөбенің жаңа шағын ауданындағы көшелердің жайы жұрттың көңілінен шықпады.
Абаттандырды деген аты ғана, түнде шамдары жанбайды, суағарлар мен жаяу жүргіншілер жолы талапқа сай емес, дейді қоғам белсенділері. Ал бұл жобаға бюджеттен 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген.
Сағынғазы Құрманалин «Батыс-2» шағын ауданының мәселесін жиі көтеріп жүрген белсенді. Жаңа аумақтың жобалау жұмысы мен құрылысында кеткен кемшілікті тізіп, жауапты органдарға жеткізуден шаршаған емес. Мысалы, Халел Досмұхамедұлы атындағы көшедегі суағардың жағдайы сын көтермейді.
Сағынғазы Құрманалин, белсенді:
- Суағардың жағдайы дұрыс жасалған жоқ. Неге десеңіз мынау құрылыс компаниялары кіреберістерін бөгет жасап, көміп тастады. Соның салдарынан су суағармен жүрмей жабындысының үстімен жүріп, оны шайады жаңбыр сайын. Бізде Батыс-2 де скверлер жоқ, парктер жоқ.
Шағын аудандағы көшелерді абаттандыру үшін 1,9 млрд теңге жұмсалған. Жұмыстар 2018 жылы басталып, былтыр аяқталды. Алайда жоба толық іске аспады, дейді белсенділер. Жүргіншілер жолы сапасыз, ал көше шамдары жанбайды. Сондықтан қала билігі мердігерді қайта міндеттемекші.
Болат Серіков, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Қазіргі уақытта біздің мекемемен сотқа арыз жолданды. Осы қаланың тұрғындарымен айтылып жатыр ғой, жаңағы жарық жүйесі дұрыс жанбай тұр, светофорлар дұрыс жұмыс істемей түр. Осындай ақаулар бойынша біздер сотқа істі жолдадық.
Төрт көше бойынша атқарылған жұмыстар бірнеше мердігерге жүктелген. Алайда ешқайсының өкілі белсенділерімен кездесуге келмеді. Өзіміз телефон арқылы хабарластық. Кеткен кемшіліктің кепілдік мерзімі аясында толық жойылатынын айтысты. Маңызды жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті де бақылауға алын болды.
Есқали Саламатов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ао бойынша департамент басшысы:
- Әзірге айтуға әлі ерте, оның бәрін көтеріп біз қараймыз. Егер ақша төленіп, құжаттарға қол қойылған болса, қараймыз оны. Егер негіздер болса, әрине іс қозғалады.
Қаланың абаттандырылуы мен инфрақұрылымы бойынша құрылыс жұмыстары белсенділер мен еріктілердің назарында.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков