Атырау облысында мемлекет қаржысы тиімсіз жұмсалған
Ал Атырау облысында мемлекет қаржысы тиімсіз жұмсалған.
Миллиондаған ақша игерілмей, қазынаға кері қайтарылды. Атап айтқанда, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы мен Жылыой аудандық мәдениет үйінде мамандығы сәйкес келмейтін адамдар жұмыс істеген. Тіпті оларға 3 жыл ішінде негізсіз жоғары санат тағайындалып,еңбекақы төленген. Бұл заңбұзушылықтарды тексеру комиссиясы анықтады. Жылыой ауданындағы құрылысы аяқталмаған стадионды күтіп ұстау тұру үшін де штат ашылып, тағы 12 млн теңге жұмсалған. Мамандар «Арт спорт» бағдарламасынан да кемшіліктер тапты. Ондағылар қаржыны уақытында игере алмаған. Оған қоса ғимарат талапқа сай болмай шықты. Яғни бұрынғы дәріхана, коммуналдық базар мен жертөледе үйірмелер ұйымдастырылған. Комиссия мүшелері бас-аяғы 426 млн теңгенің заңбұзушылығын анықтады. Тиімсіз жұмсалған қаржы қазынаға қайтарылды.
Ләззат Аққажиева, облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі:
- Іс-шара нәтижесімен аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтарды жою және қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында ұсыныстар мен тапсырмалар берілді. Сонымен қатар бухгалтерлік есепті жүргізуден және мемлекеттік сатып алу заңдылықтарының талаптары сақталмағаны үшін әкімшілік іс қозғау мақсатында уәкілетті органға материалдар жолданып, нәтижесімен жауапты тұлғаларға 500 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды.