Бүгін Сәкен Сейфуллиннің туған күні
Бүгін ақын-жазушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туған күні.
Кеңселерде қазақ тілі кеңінен қолданылуы тиіс деп алғаш рет мәселе көтеріп, 1922-1924 жылдары Совнаркомның төрағасы болғанда, елдің түкпір-түкпірінде қазақ мектептерін ашқан аяулы тұлғаның өмірі өкінішті аяқталғаны белгілі. Сұңқар Сәкен, Сері Сәкеннің бір қасиеті - үстіне қылау тигізбей таза жүріп, киімнің сәндісін киген. Сырбаз жанның қолданған иіссуын жары Гүбаһрам өмір бойы сақтап, кейін музейге тапсырыпты.
Ғалым Тұрсынбек Кәкішев Сәкен Сейфуллиннің тілге қатысты он шақты мақаласы бізге жеткенін айтады. Құжаттардан «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, кеңсе тілі болсын» деген бастаманы алғаш болып көтерген де осы Сәкен екені айқын көрінеді. 1923 жылғы 9 маусымда жарияланған бұл мақаланың көшірмесі ақынның елордадағы музейінде сақтаулы.
Айгүл Ісмақова, Назарбаев университетінің профессоры:
- Совет үкіметі келген кезде, Алашорда жоққа шығарылған кезде, қазақ деген сөз, қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, мемлекеттік қағаздардың тілі болсын деп, осы істің басынан соңына дейін іске асырған кім? Ол Сәкен Сейфуллин. Совет кезінің қызметкері ретінде Алаштың аманатын іске асырған бірегей азамат.
Мұны әсіресе жас буынның білгені абзал. Бір қуантарлығы, Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына қызығатын өрендер көп екен. Оныншы сынып оқушысы Әлихан Айтбаев кезекті ғылыми жобасына дайындалып жүр.
Әлихан Айтбаев, оқушы:
- Біз осы уақытқа дейін Сәкен Сейфуллинді әдеби шығармаларынан ақын-жазушы ретінде ғана білген болатынбыз. Бірақ осы жобаны жазу барысында мен Сәкен Сейфуллинді жаңа қырынан таныдым. Сәкен Сейфуллин, сонымен қатар, саясатшы, қоғамға еңбегі сіңген адам болған екен.
Биыл Сәкен Сейфуллин музейіне 35 жыл. Қазір мұнда ақынның қаламы мен сия сауыты, әмияны, тіпті төте жазумен жазылған қолжазбалары да сақталған. Өзі ғана емес, отбасы, ортасына ортақ мүліктерді де көріп, танысуға болады.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Мына жәдігерлер былтыр Алматы орталық музейінен жеткізілген. Мұның бәрін Сәкен Сейфуллин көзі тірісінде пайдаланған. Көріп тұрғандарыңыздай, шырын графині, үстел сағаты және күміс қасықтар. Оның бәрін жан жары Гүлбаһрам қайтыс болғаннан кейін музейге тапсырылған. Қазір елордалық көрермендер назарына ұсынылып тұр. Бірақ көрермендерді қатты қызықтыратын тағы бір жәдігер бар. Ол 1920 жылы Сәкен Сейфуллиннің өзі қолданған мына иіссу. Көріп тұрғандарыңыздай, түбінде әлі де әтір бар және ең қызығы араға 100 уақыт өтсе де, иісі сақталған екен.
Музейдің өз тарихы бар. «Бұрынғы Целиноград қаласында бой көтерген алғашқы ғимараттардың бірі», - дейді мамандар. Биыл мұнда «Сыр сандық» сериясымен шығарылатын кітаптардың тоғызыншы томы жарық көрді. Анарбай Сағиұлы бұл туындысына «Сәкен және фольклор» деген айдар тағыпты.
Камилла Үйсенбаева, музей маманы:
- 130 жылға орай, Сәкеннің музейінде ірі экспозиция жасалады. Сәкеннің тағы бір қырлары, соның ішінде әдебиеттанушы ретінде, фольклортанушы ретінде Сәкеннің әндері, осы жағы ашылатын болады.
Екі ғасырдан көп уақыттан кейін халқымызға қазақ атауын қайтаруға ат салысқан Сәкен Сейфуллин 1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы деп дәріптеуді ұсынғанын бірі білсе, бірі білмейді.
Айгүл Ісмақова, Назарбаев университетінің профессоры:
- Менің негізгі дәрістерім - Алаш, сол саяси элитаның көзқарастарын айтамын. Мен Сәкен Сейфуллинді, Бейімбет Майлинді, Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рысқұловты Алаштан бөлмеймін. Себебі қалай болғанда да, қараңыздаршы, Сәкен Сейфуллин қазақ совет өкіметінің лауазымды қызметкері болып алып, Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығын өткізді. Ол ұлттың ұстазы деген сөзді айтып тұр.
Өзі де өмірінің 20 жылын ағарту ісіне арнады. Ол жан-жақты білім алу арқылы ғана адамзат үлкен жетістікке жететінін алға тартты. Мұнысы бүгінге дейін өзекті.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев, Артур Горшняков