СҚО-да күзгі ағаш егу науқаны басталды
Орман шаруашылығы қызметкерлері қар жауып, жер қатқанша қайың мен қарағайдың 15 миллион түбін егіп үлгеруі тиіс.
Керейбай Бағаналімов орман шаруашылығында 10 жылға жуық жұмыс істейді. Оған дейін жүргізуші болған ол «қазіргі қызметім өзіме ұнайды», - дейді. Өйткені табиғат анаға бала кезінен жақын болып өсті.
Керейбай Бағаналімов, орманшы:
- Далада жүру керек. Суық болсын, жаңбыр болсын ағашта жүру керек, қарау керек. Көктемде өрттер болады. Оны бәрін қарап отыру керек. Қазір от тыстап кетеді, бір 5 секундтың ішінде түгел жанып кетуі мүмкін. Оның бәрін үлгеру керек.
Солтүстік Қазақстан облысында 500-ден аса орманшы бар. Қазір олар жаппай ағаш егу науқанында жүр. Күздің қара суығында әр көшетті осылай қолмен егеді. Адал еңбек, маңдай тер елеусіз емес. Биыл сала мамандарының айлығына тағы бір айлық қосылды.
Марина Подоксёнова, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- Осы жылдың шілде айында орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы 100 пайызға өсті. Бұл сала мамандары үшін көптен күткен қуаныш болды. Бірақ қатарымызда жастар аз. Олар қалада қалғылары келеді.
Өңірде орман қорын ұлғайту үшін жұмыс жоспары бекітілді. Оған сәйкес облыс бойынша 2025 жылға дейін 120 млн түп жас көшет егіледі.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Орманшының жұмысы көзге көрінбейді. Мысалы, олар бүгін еккен жас көшеттер кемі 70-80 жылдан кейін ну орманға айналуы мүмкін. Ал бұл бір адамның ғұмыры.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов