Республикалық театр фестивалі аяқталды
Петропавлда Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының 29-республикалық фестивалі аяқталды.
Еліміздің үздік труппалары бір апта бойы өнер көрсетіп, көрермен қауымға ұмытылмас әсер қалдырды.
Қызылжарлық көрермен рухани бір серпіліп, байып қалды. Олар бір апта бойы Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған, Жезқазған драма театрларының өнерін тамашалады. Әр қойылымды қазылар алқасы бағалады.
Бақыт Нұрпейіс, қазылар алқасының төрағасы:
- Жалпы бұл фестивальді өткізу үлкен критерийларды талап етеді. Яғни бұл жерде шын мәнісінде бүгінгі театр өнерінде болып жатқан жаңалықтар, режиссура, актерлық өнердегі жаңалықтар қандай деңгейде екендігін біз сараптауға ден қойдық.
Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған фестивальде 10 спектакль қойылды. Гран-приге Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Бернарда Альбаның үйі» лайық деп танылды.
Анар Әділова Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы:
- Бірақ мен ойламадым, күтпедім. Сондықтан да мен өте қуаныштымын. Мен басқа театрлардың өнерін көріп өте тәнті болдым. Олар да үлкен жүлдеге лайықты деп ойлаймын. Сондықтан да барша әріптестерімді, театрымды гран-примен құттықтаймын. Біз бәріміз қазақ театрымыз. Сондықтан да қазақ театры жасай берсін.
Шараның жабылу салтанатында үздік актерлер да анықталып, ақшалай сыйлық табысталды. Ең бастысы әр театр жергілікті өнер сүйер қауымның құрмет-қошеметіне бөленді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов