Астанада Қазақстанның XI Азаматтық форумы басталды
Бүгін Астанада Қазақстанның XI Азаматтық форумы өз жұмысын бастады.
Республикалық шараға 600-ден астам делеат қатысты. Онда үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңес, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері де бар. Ауқымы кең жиында Қоғамдық кеңес институттарының қызметін дамыту, азаматтық орта қалыптастырудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі талқыланды.
Айнұр Қуатқызы, тілші:
- Бүгінге дейін Қазақстанда 23 000-нан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 18 200-нан астамы жұмыс істеп тұр. Бүгінде азаматтық сектор мемлекеттік шешімдер қабылдауға араласып, маңызды мәселелерді көтеріп жүр.
Биыл 11-рет өтіп жатқан Азаматтық форум ұйымдастыру жағынан да, мазмұндық жағынан да өзгеше. Себебі мұнда ел ішіндегі мәселелермен қатар, әлемдік маңызы бар проблемалар талқыланды. Мәселен, су тапшылығы соңғы отыз жыл көлемінде Орталық Азия аймағын алаңдатып отырған көкейкесті мәселе. Бұл проблема азаматтық форумның өзекті тақырыптарының бірі болды. Жылдан-жылға ұшығып отырған су мәселесін айтқан сарапшылар, трансшекаралық суды пайдалануда көршілес елдермен тиімді ынтымақтастықты үзбеу керектігін айтты.
Сухроб Ходжиматов, БҰҰДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары:
- Соңғы жылдары Орталық Азия елдері үшін су ресурстары өзектілігі жоғары мәселеге айналып отыр. Климаттың өзгеруі және суды тиімсіз басқару аймақ елдері үшін айтарлықтай қиындықтар туғызады. Сондықтан бұл дағдарыстың алдын алу жолдарын қарастыру қажет. Осы тұста азаматтық қоғам өз үлесін қоса алады. Судың адамзат үшін қандай құндылыққа ие екенін, оны үнемдеудің қарапайым жолдарын түсіндірсе деймін.
Алғашында елімізде 57 ұйым тіркелген болса, қазір оның саны 14 есеге өскен. Бүгінге дейін қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық кеңестер туралы заңдар қабылданды. Мәселен, соңғы жылдары әлеуеметтік-саяси сала дамып, партияларды тіркеу шегі төмендетілді, әйелдер мен жастардың үлесі ұлғайтылды. Жалпыхалықтық азаматтық белсенділік артты. Соның негізінде «Волонтерлік қызмет және қайырымдылық туралы» заң жобасы қабылданды. Бүгінгі форумда да ең белсенді, өз ұстанымы бар, қоғам дамуына бейжай қарамайтын адамдар жиналды. Алқалы жиында айтылған ұсыныстар, идеялар мен талап-тілектер мемлекеттік ұйымдармен бірге іске асырылмақ.
Бану Нұрғазиева, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті:
- Азаматтық қоғамға ең алдымен қоғамдық бақылау заңы керек болатын. Қазақстандағы барлық ҮЕҰ бірлесіп жұмыс жасаған осы заң шығар. Президент Жолдауында да айтты ғой қоғамдық бақылау турал заң керек деп. Сол күннен бастап барлығымыз бірлесіп қабылдадық.
Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, іс жүзінде, қоғамымыздың маңызы бар барлық саласын қамтып отыр. Бұл ұйымдар мүмкіндігі шектеулі адамдар, ерекше мұқтаждығы бар балалар мен жастар үшін аса белсенді ортаны қалыптастыруға да атсалысып жүр. Отбасы құндылықтарын насихаттауда да рөлі ерекше.
Шәкизат Қаратайұлы, "Сенімен болашақ" РҚБ филиал басшысы:
- Материалдық тұрғы бірінші орынға шыққан сананы тұрмыс билеген кезеңдеміз. Бізде бала тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі кейінгі орында қалып қойып отыр. Сол мәселені қайта алға шығарсақ деген идеямен жұмыс жасап жатырмыз.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар қабылданбақ. Азаматтық сектор әділ мемлекет құру жолында қызметін дамыта түспек.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Наурызбай Құрманғазы