Ақтөбеде көгілдір отынға сұраныс артты

Осы Ақтөбеде тұрғындар мен өндіріс орындары тарапынан көгілдір отынға сұраныс артқан. 

Әсіресе, қыс мезгілінде тұтыну көрсеткіші жоғарылайды. Қажеттілікті өтеу үшін «Бұқара - Орал» магистральды газ құбырынан үшінші тізбек тарту жұмысы жүріп жатыр. Келер жылы іске қосылатын жобаны аяқтауға биыл бюджеттен 11 миллиард теңге бөлінді.

Серік Қуандықов жерден өнім алып тұтынушыларға жеткізіп отырған кәсіпкерлердің бірі. Иелігіндегі 200 гектар алқаптың бір бөлігінде қияр, қызанақ, қарбыз, қауын, алма және өзге де көкөніс түрлерін өсіреді.  Енді бір бөлігін мал шаруашылығына арнаған.  Дегенмен, қара күзден көктемге дейін қожалыққа қарайтын ешкім жоқ. Себебі, малшы мен жұмысшылар үшін салынған үй газ желісін қосылмай тұр. Серіктестік басшысының көгілдір отын желісін тартып беруді сұрағанына 5 жылдан асқан.

Серік Қуандықов, серіктестік директоры:

- Бізге газдың керегі, қазіргі мақсаттағы керегі сол адам тұруға. ішіне ремонт жасап, бір условие жасап малшымыз осы жерде тоңбай осы қысын өткізсе. Себебі, біздер 4 жыл, 5 жылдан бері құрылды осы здание. газымыз жоқ, қанша ұрлық болды. Қыста тастап кетеміз, адам тұрмайды. Сондықтан менің өтінішім бізге газ берілсе жақсы болар еді.

Өңірде газға қатысты мәселенің барын мамандар да жасырмайды. Облыстық индуриялық – инновациялық даму басқармасы өкілдерінің айтуынша, көгілдір отын сұраған кәсіпкерлердің өтініші тиісті талап бойынша шешіледі.  Алайда, алдағы жылдары аймақ экономикасына мол инвестиция құйып, облыстың дамуына сеп болатын ірі жобаларға газ қажет болады. Оның арасында, металлургия, құрылыс, медицина саласында іске қосылатын зауыттар бар. Жауапты басқарма өкілдері газ таратушы компаниялармен келісімдер жүргізілгенін айтады.

Есет Аманбаев, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

- Сол келісімнің нәтижесінде біздер техникалық шарттар береміз. Сол техникалық шарттармен компаниялар өздерінің жобалау жұмыстарын жүргізеді, құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Олар іске асырылғанға дейін  газ құбырының үшінші тізбегі "Бұхара-Оралдың" жүргізгенде толығымен барлық қажеттілікті қамтамасыз етеді деп жоспарлап отырмыз.

Мәселені түбегейлі шешу үшін бүгінде «Бұхара-Орал» магистралды газ құбырынан Ақтөбеге үшінші тізбек тарту жұмысы жүріп жатыр. Жалпы құны 43 млрд теңгеден асатын жоба іске асқанда өңір тұрғындары мен өндіріс орындарының қажеттілігі толық өтелетін болады. Ең бастысы, құбырдан келіп тұрғын екі желіге түсетін жүктеме едәуір төмендейді. Жоспар бойынша  үшінші тізбектің құрылысын келер жылдың қыркүйегінде аяқтау көзделіп отыр.

Ержан Мұздыбаев, энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда қосымша Ақтөбе қаласына сағатына 526 мың куб газ келетін болады. Яғни, оның ішінде 260 мыңға жуығы облысымызда бар 3 трлн-ға жуық қаражат талап етілетін 17 жобаны біз газбен толық қамтамасыз ете аламыз. Ал қалған газдың көлемі ол перспиктивада Ақтөбе қаласының және Ақтөбе қаласына іргелес орналасқан аудандар толығымен газбен қамтамасыз ететін болады.

Бүгінде магистралды газ құбырынан үшінші желі тарту жұмысы кестеге сай жүріп жатыр.  Маңызды іске республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бағытталуда.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев, Айнадин Молдабеков