БҚО-да сүт өндіретін екі агроқұрылым ашылды
Батыс Қазақстан облысының Покатилов ауылында сүт өндіретін екі бірдей агроқұрылым ашылды.
Шаруалар асылтұқымды ірі қараларды «Ауыл аманаты» бағдарламасымен сатып алды. Олар заманауи құрал-жабдық арқылы малды қолдан ұрықтандырады. Осылайша ауылдастарын жұмыспен де, табиғи өніммен де қамтып отыр.
Әділбек Жолдасбеков малды асылдандыру ісін жетік біледі. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігіне көз жеткізгендердің бірі. Тіпті осы мақсатта Покатилов ауылына көшіп келген. 9 млн теңге несиеге 9 бас сиыр алған. Ірі қаралар қыста төлдесе, фермер сүт өндірісін бастауға ниетті.
Әділбек Жолдасбеков, шаруа:
- Асылдандыру жұмысына керекті бүкіл УЗИ, весы, шприц катетер, размораживатель, тату салатын, бүкіл керек-жарақтың бәрін сақадай сай жасап, жұмысымызды бастап жатқан жайымыз. Таңертең, кешкіні қосқанда 300 литр сүт. Оны сүт қабылдайтын зауыт бар ғой, сонда (тапсырамыз). Ұстаздықты жалғастырудамын. Иә, қосымша алып жүрмін.
Дәл осы елдімекенде тағы үш тұрғын бірлесіп, ауыл шаруашылығы кооперативін құрды. Олар мемлекеттік бағдарлама негізінде шетелден 58 бас симментал сиырын алған. Келер жылдан бастап агроқұрылымда қаймақ, айран, ірімшік сияқты сүт өнімдері өндіріліп, нарыққа шығарылады.
Асқар Сенғалиев, шаруа:
- Тиімді ғой. Проценті аз. Екі жыл каникулы бар. Алып келген кезде сауын болды. Содан кейін біз өзіміз қолдан ұрықтандырдық қой. Соны енді қыста төлін аламыз. Бұйырса, сауамыз. Трактористер бар, малшылар бар, сауыншылар бар.
Аймақта «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 6 млрд-тан астам теңге бөлінді. 575 адам кәсіп ашу мүмкіндігін алды. Қазір дені мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл тұрғындары қораларын 200 мыңға жуық төрт түлікке толтырды.
Қазбек Озықанов, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасының орынбасары:
- Шаруалар сүт өндірісіне ерекше көңіл бөліп жатыр. Жергілікті нарықпен қоса, өзге өңірлер мен көрші елге де тауар шығарады. Мемлекеттік бағдарлама ауылдық жерде кәсіппен айналысуға қолайлы мүмкіндік берді. Несие мерзімі мал шаруашылығы үшін 7 жыл, ал өзге бағыттағы бизнес түрлері үшін 5 жылға есептелген.
Қазір облыс орталығында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысқан кәсіпкерлердің әлеуметтік дүңгіршектері ашыла бастады. Әзірге екеуі жұмыс істеп тұр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов