Қызылорда облысында тірек мектептер толық цифрлы технологиямен жабдықталуда
Білім беру дағдысы бойынша ауыл мен қала мектептерін теңестіру қажет.
Мемлекет басшысының аталған тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысында тірек мектептер толық цифрлы технологиямен жабдықталып жатыр. Ақпараттық-коммуникациялық құзіреттілікті қалыптастыру процесіне қажетті құрылғылармен қамтылған Жаңақорған ауданындағы №286 білім ұясы том-том кітапта толған теорияның емес тақырыпқа сай тәжірибе жүргізу алаңына айналып шыға келді.
9 сыныпта оқитын Ақбота Секентай биология сабағында пияз жасушасының құрамымен танысты. Цитоплазма мен ядросын сандық микроскоппен әбден зерттеген оқушы көкөніс түрінің түрлі қасиеттеріне қанықты. Жас өреннің жаратылыстану бойынша өресін кеңейтуге STEM зертхананың да пайдасы зор.
Ақбота Секентай, оқушы:
- Бұрын біз мұндай құрылғыларды, зерттеулерді кітаптан ғана көретін болсақ қазіргі таңда арнайы жаңадан жасақталған, дамыған құрылғылармен зерттеп жатырмыз. Менің арманым болашақта дәрігер болу. Қазіргі таңда химия, биология пәнін таңдап жатырмын. Сол бойынша сынып жетекшіммен жұмыс жасап жатырмыз.
Қоғамдағы ақпараттық үдерістің қарқынды дамуына орай соңғы онжылдықта инфокоммуникациялық технологиялардың өсуі екпін алды. Соған сәйкес мұғалімдер оқушының есептеу мен ақпараттарды саралау, жинақтау, өңдеу, сақтау және жіберу құралдарын меңгеруіне баса мән береді. Назарбаев зияткерлік мектептерінде білімін жетілдірген педагогикалық ұжым цифрлы дағдыны бастауыш сыныптан бастап үйретуге кіріскен. Электронды деректер қоры, көпфункциялы интерактивті тақта, 3D модельдеу сыныптары бар smart-мектептің кітапханасы да цифрландырылған.
Гүлнар Әлібекова, №286 мектеп директорының орынбасары:
- QR код арқылы балалар қазақтың классиктерінің, әлемдік жазушылардың шығармаларын қызығып, түстен кейінгі бос уақыттарында үлкен үзіліс кезінде балалар кітап оқып ерекше қуанып жатыр. Басты мақсат мұғалім мен оқушыға жайлы орта құру. Балаларға сапалы білім беру. Дәл қазіргі қоғамдағы мінез-құлқы тамаша қалыптасқан оқушы тәрбиелеу мақсатымыз.
Музыкалық аппарат және ұлттық аспаптармен жабдықталған арт үйірмесі бар мектептің кинозалы да оқушылардың еркін қолданысына берілген. Озық әрі танымдық бай ресурсты сабақтар телестудия арқылы өзге ауыл мектептеріне онлайн көрсетіледі. Ол үшін жоғары жылдамдықтағы интернет тартылған. Жалпы соңғы 2 жылда аудандағы барлық мектептерді ғаламтор желісімен қамтуға қол жеткізілді.
Ұлан Бейімбетов, Жаңақорған аудандық білім бөлімінің бас маманы:
- Ауданда 43 мектеп бар. Оның ішінде 8-і орталықта қалғандары елді мекендерде. Интернет желісі жалпы тартылған. Ең азы 10 мегабайттан жоғары, алды орталықтағылар 50-60 мегабайтқа дейін келісімшартпен интернет алып отыр.
Жалпы облыста 5 білім ошағы тірек мектеп ретінде таңдалынып, материалдық базасын қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев