Абай облысында іргесі екі ғасыр бұрын қаланған ауыл бар
Абай облысында іргесі 200 жыл бұрын қаланған елді мекен бар.
Ауылдың әлеуметтік ахуалы жаман емес. Жолдарға асфальт төселген, интернеті бар. Ауыз су кіріп тұр, көшелерін жарықтандырған. Ең бастысы, жұмыссыз жүрген адам жоқ.
Мамырсу ауылының тумасы Серік Әлжекеев дәнекерлеу ісімен айналысады. Қолы шебер азамат күнделікті тұрмыс пен шаруашылыққа қажет техниканың түр-түрін жасайды. Әсіресе ірі қараны таңбалауға, егуге арналған жабдығына сұраныс жоғары.
Серік Әлжекеев, Мамырсу ауылының тұрғыны:
- Мен өзім ойлаймын, ауылда жұмыс жоқ деген бос сөз. Ауылда жұмыс көп. Ең бастысы істесеңіз болды. Осы темірмен айналысып жүргеніме 15 жылдан артық болды. А дегенде цехтан бастағанбыз. Енді міне өздеріңіз көріп жатқандай құрылыс жасап жатырмыз. Кеңейтіп. Үлкен техника кіретін қылып. Аумақты жұмыс жасайық деп кеңейіп жатқан жайымыз бар.
Мамырсуда тірлік қайнап жатыр. Мектеп түлектерінің бастамасымен бес бірдей аялдама салынуда.
Айдос Әбдірахманов, Мамырсу ауылының тұрғыны:
- Ауылдың азаматтары жаңбырдың астында тұрмай ық жерде тұрсын деген мақсат болған. Сол ауылымызға кішкентай болса да өзіміздің көмегіміз болсын деп ауылдың 2001 жылғы түлектері осындай аялдама қойып жатырмыз.
Бұрын елді мекен тұрғындары қоқысты өздері шығарған екен. Енді ауыл әкімінің бастамасымен тұрмыстық қалдық аптасына бір рет арнайы көлікпен полигонға апарылады.
Мамырсу жылдан жылға үлкейіп жатыр. Сондықтан баспанаға да сұраныс бар. Қазір ауылда 10 пәтерлі бес үйдің құрлысы жүріп жатыр.
Тілеукен Әлжекеев, Мамырсу ауылының әкімі:
- Бұл үйлердің бәрі ертеңгі күні жоқ-жітіктерге, мұқтаж жандарға, көп балалы аналарға берілетін болады. Алдағы уақытта тағы 5 екі пәтерлі үй салсақ па деп отырмыз. Өйткені, жаңа айтып отырмын ғой, көшіп келушілер көп. Қалаға өте жақын. Ыңғайлы жер. Сондықтан да ауылға келген азаматтарға үй салуға жер тауып беру қиындау боп жатыр. Сондықтан да осындай бағдарламалармен қазіргі үйлерді жасап жатырмыз.
Ауылда салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалған. Елді мекендегі спорт кешенінде балалар қолғап түйістіріп, боз кілемде белдеседі. Ал Мәдениет үйінде түрлі іс-шара жиі өтеді. Өңір тарихынан сыр шертетін музей де бар. Жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, Мамырсудың тарихы 1831 жылдан басталады. Ауылдың маңында әйгілі Мамырсу келісіміне қол қойылған.
Шайзада Өтепов, өлкетанушы:
- 1757 жылы маусым айының 6-7-сі болуы керек, сол кезде Абылай хан жоңғарлармен, қытай елшілерімен арадағы бітімге қол қойысқан осы жерде. қазақша ақ қошқар сойып, мал сойып, қолдарын қанға батырысып, сол жерде келісім тоқтаған. Сол жолы қытай патшалығына хат тапсырған Абылай хан.
Мамырсуда 3 мыңға жуық халық тұрады. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады.
Бақытхан Маданова, Мамырсу ауылының тұрғыны:
- Міне ауылда осылай сиырымызды сауамыз, құрт, май өзімізде. Бәрі таза өнім. Өзімізден шығады бәрі. Денсаулыққа пайдалы. Қолдың майы, қолдың ірімшігі, қолдың қаймағы.
Қаймағы бұзылмаған Мамырсудың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Бұл елді мекеннің өнімдері табиғи таза, адамдарының пейілі кең. Берекесінің тасып, бірлігінің асып жатқаны да содан болса керек.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов