Мемлекеттік марапат – халықтың алғысы
«Мемлекеттік марапатты ең алдымен халықтың алғысы деп түсінген жөн».
Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды салтанатты түрде тапсырған Президент осылай деді. Биыл жоғары атаққа ие болып, қошеметке бөленгендірдің басым бөлігі қарапайым жұмысшылар болды. Бұлардың барлығы еліміздің дамуына зор үлес қосып жүр жандар.
Биыл мемлекеттік наградалардың қатарына қосылған бірнеше марапат болды. Мәселен, «Қазақстанның халық әртісі» осыдан 1999 жылы алып тасталған еді. Сол кезде осы жоғары атаққа театр және кино актеры Дінмұхамед Ахимов ұсынылған болатын. Енді міне, марапат 20 жылдан астам уақыт өткеннен соң өз иесін де тауып отыр.
Дінмұхамед Ахимов, Қазақстанның халық әртісі:
- Өнердегі адамдардың бәрі рахметін айтып жатыр Президентімізге. Бәрі де бүгін алмаса ертең алады ғой әйтеуір. Енді дұрыс болған екен деп бәрі қауанып жатыр.
Президент өз сөзінде еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі керектігін тағы бір қайталап өтті. Биыл Жолдауды тыңдауға да Парламент қабырғасына осы еңбек адамдары арнайы шақырылған болатын. Олардың қатарында ұстаздар да болды. Бүгінде елде мұғалімдерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Президент қазір – білімнің дәуірі екендігін де айтты. Ал ұстаздар қауымы болса ұлттың жаңа сапасын қалыптастырады. Сондықтан мұғалім болып, ұрпақ тәрбиелеу – қасиетті миссия деді мемлекет басшысы. Мереке қарсаңында ұстаздар да назардан тыс қалмады.
Шайзат Тілеуова, мұғалім (Ұлытау облысы):
- Мектепте жұмыс істегеніме 36 жыл табан аудармай. Әрине, бүгінгі марапат маған үлкен мотивация берді деп айтсам болады. «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздыкы», - дейді. Десек те, мен үшін бүгінгі марапат, Ақоордаға келу, өзім бөлек бір сый-құрмет деп ойладым.
Жалпы, еліміздің дамуына әр аймақтың тұрғындары, әр саланың мамандары зор үлес қосып жүр. Президент оларға әрдайым құрмет көрсетілетіндігін де айтты. Мәселен, Атыраудан келген Мұрат Жақсығалиев, коммуналдық мекемелердің бірінде электромонтер болып еңбек етеді.
Мұрат Жақсығалиев, "Атырау жарық" мекемесінің жұмысшысы:
- Марапатқа ие болам деп ойлаған жоқпын. Бірінші рет осы еліміздің Президентінің қолынан қабылдап жатырмыз марапатты. Қуаныштымын. Президенттің қолынан мынадай марапат алу менің үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Рахмет!.
Осылайша биыл 300-ге жуық мұғалім мен дәрігер, 200-ден астам ауыл шаруашылығы маманы, 100-ден аса еңбек ардагері мен өндірісте жұмыс істейтін 88 жұмысшы Президенттің Жарлығымен түрлі мемлекеттік наградаға ие болды. Бұлардың барлығы қарапайым жұмысшылар. Марапаттау рәсімінде Президент Мемлекеттік наградалар, бұл ең алдымен, халықтың алғысы деп түсінген жөн екендігін айтты.
Авторы: Риат Шони