Ақтөбе облысында қызылша бойынша ахуал тұрақсыз болып тұр
Ақтөбе облысында да қызылша бойынша ахуал қолайсыз.
Бұл туралы өңірдің эпидемиологтары мәлімдеді. Қазір инфекциялық ауруханада 136 адам емделіп жатыр. Дені кәмелетке толмаған бала. Қыркүйек-қазан айларында вирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты қосымша емдеу орындары дайындалды.
Қызылша жұқтырғандардың дені облыс орталығының тұрғындары. Клиникалық-инфекциялық ауруханаға сыймағандықтан , Шағала шипажайынан қосымша емдеу орындары ұйымдастырылды. Қазір бір мезетте 236 адамды қабылдауға мүмкіндік бар.
Жолдас Қамбаров, облыстық клиникалық-инфекциялық аурухананың бас дәрігері:
- Мамандарды басында қиындық болған. Қазір енді ол мәселе шешілді. Себебі кафедраны привлекать еттік және емханалардағы инфекционист дәрігерлерді қосымша бізге берді. Қазір олар жұмыс жасап жатыр. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Ешқандай проблема жоқ.
Дәрігерлер күніне 25-30 адамнан қызылша анықтап отырмыз дейді. Қазан айы басталғалы жағдай ушыққан. Мамандардың болжауынша, дерттің инкубациялық кезеңі қарашаның соңында аяқталуы тиіс. Яғни, инфекцияның беті қайтады деген сөз. Алайда сақтанудың бірден-бір жолы – вакцина. Вирус жұқтырғандардың 80 проценті екпе алмаған.
Мұхтар Сербаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, біз 30 жасқа дейінгі екпе алмаған адамдарды анықтап, оларды қосымша егіп жатырмыз және де 55 жасқа дейінгі "группа риска" деп айтылады, медициналық қызметкерлер, жұмысшылар, дәрігерлер, олар да вакцина алмаған болатын болса вакцинасын егіп жатырмыз.
Ақтөбе облысында қызылша ақпан айында алғаш рет тіркелді. Содан бері 1225 адамға жұққан. Дені кәмілет жасына жетпегендер.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков