Қызылорда облысында жұмыссыздық 3,5%-ға азайды
Оған "Өңірлік жұмыспен қамту картасының" септігі тиді.
Жалпы жыл басынан бері аймақ бойынша 37 мыңдай жұмыс орны ашылды. Екі қолға бір күрек тапқан тұрғындардың электрондық еңбек келісім-шарты тіркелді.
Өңірлік жол картасынан бөлек кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде де 15 мыңнан астам қызылордалық субсидияланған жұмыс орнымен қамтылды. Сонымен қатар мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасы да мыңдаған сырбойылықтың еңбекке орналасуына септігін тигізді.
Ғабит Жаңабаев, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:
- 9 айдың қорытындысымен 9503 жұмыс орны құрылып, зейнетақы аударымдары және еңбек шарттарын тіркелуі бойынша 100% орындап, республикада 1-орынға шықты. Жалпы негізгі жоспар 10 мың 651. Бүгінгі күнге 89,2% 9 айды қорытындыладық. Жыл аяғына дейін толық 100% асырып орындауды жоспарлап отырмыз.
Жастардың кәсіп бастауын қолдау мақсатында 373 тұрғынның іскерлік ұсынымы мақұлданды. Стартап жобаларды қаржыландыруға облыс орталығының өзінде 21 миллиард теңге бөлінді.
Ерхан Бақбергенұлы, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- 1148 жоба қолдау алған. Оның ішінде шамамен 3444 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Жалпы өңдеу өнеркәсібін дамыту қолға алынуда. Бетон бұйымдарын өңдеу, былғары өңдеу цехтары, асфальт шығару зауыттары ашылып жатыр.
Өңделген тауар түрлерін көбейту бағыты бойынша құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын ашқан қызылордалық кәсіпкер 20 адамды жұмысқа қабылдады. Сағатына 60 текше бетон және 130 тонна асфальт өндіретін зауыт толық қуатына көшкенде тағы 80 адамды жұмысқа алады.
Сәрсенбек Махаев, кәсіпкер:
- Жергілікті тұрғындардан жұмысшылар аламыз. Оқытылады, үйретіледі барлығы. Зауыт заманауи жабдықтармен жабдықталған. Сол үшін барлығын оқыту керек. 70 адамдық жатақхана салынып, келесі жылы беріледі деп отырмыз.
Әлеуметтік әлжуаз топқа жататын мың жарым азаматтың кәсіпкерлік бастамасын қолдау мақсатында 2 миллиард теңге қайтарымсыз грант үлестірілді. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі едәуір азайып келеді.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев