Өскеменде көше шамдары ауыстырылады
Өскеменде 3 жыл бұрын орнатылған көше шамдары қирап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Коммуналдық қызмет өкілдерінің мәліметінше, мыңнан астамын ауыстыру керек. Тұрғындар қараңғыда жол апаты көбейді деп дабыл қағып отыр. Жұртшылықты алаңдатқан мәселе қашан шешіледі?
Бұл жол апаты Өскемен қаласының орталық көшесінің бірінде болды. Жүргізуші қараңғыда жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Тұрғындар көше жарықтандырылмаса, осы тектес қайғылы оқиға көбейіп кете ме деп алаңдайды. Ал коммуналдық қызмет мамандары әзір қозалатын емес.
Әділ Пішенов, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
- Мен прокуратура мен Өскемен қаласының әкімдігіне бірнеше рет хабарластым. Осы мәселе туралы айттым. Мамандар қираған шамдар жөнделетіні туралы жазбаша жауап қайтарды. Бірақ, өзіміз көргендей, тиісті шаралар қолға алынған жоқ.
Қала маңындағы Мирный ауылында да осындай жағдай. Көше шамдары жиі істен шығады.
Елена Тейбус, қала тұрғыны:
- Көшелер қап-қараңғы. Коммуналдық қызмет өкілдеріне 1,5 ай бойы айтып келеміз. Аптасына 2 рет телефон шаламын. Олар «өтініш қабылданды» деп қысқа қайырады. Ал соңғы кезде мүлдем жауап бермей жүр.
Өскеменде 33 мың көше шамы болса, 16 мыңы облыс әкімдігінің меншігінде. Олар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында орнатылды. Тайваньнан әкелінген шамдар 3 жылға жетпей өше бастады. Мамандар құралдар кепілдік келісімшарты шеңберінде ауыстырылады деп сендірді.
Ренат Бутожанов, көшелерді жарықтандыру жүйесін модернизациялау жобасының жетекшісі:
- Қираған шамдар жөнделеді. Тасымалдаушы кәсіпорын жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Сонымен қатар жарықшамдарға арналған қосалқы бөлшектер де әкелінеді.
Мамандардың айтуынша, мәселені кезең-кезеңмен шешкен жөн. Бірінші кезекте Өскеменнің ескі бөлігіндегі 60 жыл бұрын орнатылған шамдарды жаңарту керек.
Ержан Ибраев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Өңірде «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында жаңа жарық нүктелері орнатылып жатыр. Биыл 400-ге жуық учаске пайда болады. Осы күнге дейін 16 учаскеге құралдар қойылып, қазір жұмыс істеп тұр.
Келесі жылы облыс орталығына 2 600 шам жеткізілмек. Жоспар аясында қаладағы 60 шақырымдық кабель желілері ауыстырылып, 2 мыңға жуық жарық бағаны орнатылады.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.