Қазақстандықтар Қытайға кедергісіз саяхаттауға мүмкіндік алды
Енді Қытайға барғыңыз келсе, виза аштырып, әуре болмайсыз. Ол жақтың саяхатшылары да біздің елге еркін қатынайды.
Бүгіннен бастап екі ел арасында визасыз режим іске қосылды. Бұл ең алдымен туризм, бизнес салалары оның сыртында экономикаға тың серпіліс беруге тиіс. Себебі қытайлар – әлемде ең көп саяхттайтын ел. Биылдың өзінде еліміздің көрікті жерлерін аралауға бұл жақтан 85 мың турист келген. Ал олар көбіне қай өңірді аралайды?
Қытайдың тыныс-тіршілігімен қазақстандықтар енді еркін таныса алады. Бүгіннен бастап екі ел арасында визасыз режим іске қосылды. Енді шығыстағы көршімізге бару үшін виза алуға шығынданудың еш қажеттілігі жоқ. Қазақстандықтар Қытай қалаларында 30 күнге дейін еш кедергісіз жүре алады. Бірақ визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқу оқуға құқық бермейді.
Мэлс Төрекелді, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің басқарма басшысы:
- Жарты жылдың ішінде бәрін күндерді санағанда 90 күнге дейін болуға болады. Бірақ бір рет барған кезде 30 күнге дейін. Жаңағы біздің азаматтардың баратын мақсаттары визасыз кіру үшін бұл іскерлік мақсат болу керек: жеке сапар, автомобильдік тасымалдар.
Қытай Орталық Азияда әлі бірде-бір елмен визасыз режимге келіспеген. Бұндай уағдаластыққа қол жеткізген Қазақстан – аймақтағы алғашқы мемлекет. Тиісті келісімге Қытай пен Қазақстан басшылары мамыр айында Сиань қаласында қол қойған.
Соның арқасында отандық бизнесмендер де өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алып отыр. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша қос елдің сауда айналымы 24 млрд долларға жеткен.
Ербол Талекенов, «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры:
- Бұрын шекарадан өту кезінде виза алу үшін айлап, 1-2 ай күтетін еді және оған шамамен 250 мың теңгеден артық ақша төлеу керек еді. Осыны пайдаланып, кейбір делдалдар осы визаны алып беру мәселесі бойынша жұмыс жасайтын болған. Енді қазір осы келісім күшіне енгеніне байланысты кедергілердің барлығы толық жойылатын болды және бұл кәсіпкердің тауарды әкелген кезде өзіндік құнымен сатуға мүмкіндік береді.
Ендігі бір бағыт – туризм. Қытайлықтар – әлемде ең көп саяхаттайтын халық. Биыл 10 айдың ішінде еліміздің көрікті жерлерін көру үшін 85 мың қытайлық келген. Олар негізінен Шарын шатқалы, Іле Алатауы, Шымбұлақ сынды жерлерде дем алғанды қалайды.
Нұртас Кәріпбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Қытайдан 2022 жылы 45 мың азамат келген болса, осы Ұлттық Банктің көрсеткіші бойынша олардан түскен кіріс елімізге 16 млн долларды құрап отыр. Бұл көрсеткіш биылғы жылдың қорытындысы бойынша өсетін болады. Елімізге келетін туристердің саны ұлғаятын болады. Бұл, әлбетте, енді елімізде жалпы жаңадан жұмыс орындарының пайда болуына әсер етеді. Жергілікті атқарушы органдардың бюджетін толықтыруына қосымша серпін болып табылады. Себебі туризм саласы қосымша 30-дан аса саланы құрайды.
Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим әуе рейстерін де жандандырады. Отандық әуе компаниясы биыл қыстан бастап жолаушылар ағынының артуына байланысты рейстер санын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Яғни, Алматыдан Бейжіңге аптасына 7 рет, Астанадан 3 рет қатынау мүмкіндігі туады. Тағы Алматыдан Үрімшіге дейін 7 рейс ашылмақ. Бұдан бөлек, Қазақстан тарапы Шанхай, Гуанчжоу және Чэнду сынды жаңа бағыттарды да ашуды жоспаралап отыр. Қазір екі ел арасында аптасына 27 рейс қатынайды.
Қытаймен визасыз режим келісімі Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағында ғана қолданылмайды. Дегенмен Қазақстан азаматтары Гонконгта 14 күн бола алады. Ал Макаоға бару үшін тиісті рұқсат қажет. Жалпы қазақстандықтар қазіргі уақытта 34 елге визасыз бара алады.
Авторлары: Риат Шони, Қайнар Егізбаев, Серік Қоңырбаев.