Қаратал ауылында алғашқы орта мектеп салынып жатыр
Қаратал ауылында орта мектеп жоқ. Жүзден аса оқушы іргелес елді мекенге барып оқиды.
Ал бастауыш сыныпқа арналған білім ошағы ескірген. Жергілікті тұрғындардың бас ауыртар басты проблемасын 4 жыл бұрын біздің арна тілшілері көтерген еді.
Қаратал ауылындағы бастауыш мектеп осы. Білім ошағының тозығы жеткені көрер көзге көрініп-ақ тұр. Бір ғана жылу жүйесінің өзі көп жағдайдан хабар береді.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Қаратал ауылындағы мектеп 1971 жылы салынған. Содан бері білім ошағы мынандай пешпен жылытылып келеді. Жұмысшылар жылы күні 50 келіге дейін ал, аязды күні 200 келіге дейін көмір жағып күл шығарады.
Мектеп бастауыштағы балалардың өзіне тарлық етіп отыр. Сондықтан олар екі ауысыммен оқуға мәжбүр. Ал, орта және жоғары сыныптағылар арнайы автобуспен аудан орталығына тасымалданып келеді.
Құсайын Күреңов, Қаратал бастауыш мектебінің меңгерушісі:
- Ауылдың балаларына қыстыгүні қиыншылық болады. Таңерте ерте тұрып автобусқа шығып, қайтып келуі, бастауыштың сабағы ерте бітіп кетеді. Жоғарғы кластарда 6-7 сабақ болады. Төменгі кластың балалары күтіп қалады. Жаңа мектеп керек деп он жыл бұрын көтерілген.
Алты жүзден аса тұрғыны бар ауылдың мәселесі келесі жылы түбегейлі шешіледі. Елдімекенде 120 балаға арналған үш қабатты білім ордасы салынып жатыр. Сәуір айынан бастап іске кіріскен құрылысшылар жұмыстың жетпіс процентін аяқтаған.
Биыл Көксу ауданында 120 орындық екі мектеп жаңадан салынып пайдалануға берілді. Алдағы жылы тағы бірнешеуін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Дәулет Кенжеханұлы, Көксу ауданы әкімінің орынбасары:
- Бозтоған ауылындағы Мұсабек орта мектебі. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары аяқталу үстінде. Алдабергенов мектебінде күрделі жөндеуге ұсыныс беріп отырмыз. Егер қолдап жатса күрделі жөндеу жасаймыз. Балпық би аулында 2 га жер дайын тұр. Инженерлік коммуникация дайын. Қаражат бөлінсе 600 орындық мектеп салсақ деп жоспарлап отырмыз.
Жоба құны 1 млрд 700 млн теңге,-дейді саладағылар. Мектеп келесі жылдың тамыз айында тапсырылуы тиіс. Сол кезде оқушылар аудан орталығына сабылмай өз ауылдарында білім алатын болады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев