Астанада дақылдарды қайта өңдеу зауыты ашылады
Астанада дәнді дақылдарды қайта өңдеу зауыты салынады.
Елімізде бұрын-соңды болмаған, экспортқа шығарылатын тауар өндіріледі. Атап айтқанда, глютен, крахмал, крахмал сірнесі, протеин сияқты өнім түрлерін сыртқа саудалау мүмкіндігі ашылады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан инвестициялық форум кезінде мәлім болды. «Қазақинвест» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жандос Темірғалидің айтуынша, инвестициялық жоба жоғары технологиялық өндірісті жолға қойып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жандос Темірғали, Kazakh Invest басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
- Бидайдан бөлек, майлы дақылдар мен бұршақ та қайта өңделіп, олардан түрлі өнім өндіретін боламыз. Яғни, бұған дейін Қазақстан сыртқа шығармайтын тауарды өндіріп, экспорттайтын болады. Бұндай тауарлар сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие.
28 инвестициялық келісім жасалады
Айта кетейік, бүгінгі форумның қорытындысы бойынша 28 инвестициялық келісімге қол қойылмақ. Экономиканың түрлі секторында іске асатын жобалардың құны 1 млрд 800 млн АҚШ долларын құрайды. Әсіресе, қайта өңдеу секторына қомақты қаржы тартуға баса мән беріліп отыр. Оның ішінде пайдалы қазбаны өңдеу ісі, кен байыту және көлік –логистика саласында іске асып жатқан жобалар бар.