Әлеуметтік төлем мөлшері жыл сайын артады
Денсаулыққа зиянды кәсіпорындарда ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтарға қосымша ақы төленеді.
Яғни, 55 жастан бастап зейнетке шыққанша арнайы әлеуметтік төлем алады. Ақжолтай жаңалықты Жамбыл облысына барған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі айтты. Көмек қаржыны алу үшін қызметкердің зиянды өндірісте 7 жыл еңбек өтілі болуға тиіс. Сонда ғана тиісті төлемдерін алып, жеңіл жұмысқа ауыса алады. Ал оның мөлшері әр қызметкердің еңбекақысы мен жиылған зейнетақы көлеміне қарай белгіленеді. Алдын ала дерек бойынша, 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 200 мың теңгеден асады. Әрі төлем жыл сайын ең төменгі күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты көбейіп отырады. Айта кетейін химия өнеркәсібі өркендеген Жамбыл өңірінде ірілі-ұсақты 846 кәсіпорын бар. Онда 46 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Қазіргі уақытта заң жобасы Мәжіліс депутаттарымен мақұлданып Сенатқа жолданып отыр. Төлемдер 4 көзден төленетін болады. Ол республикалық бюджет және де жұмыс берушінің тарапынан, сақтандыру компанияларынан және де бірыңғай зейнетақы қорынан.