Ұлытау облысында темірдің тілін тапқан маман тұрады
Ұлытаулық Марғұлан Жақаевты ауылдастары «Темірдің тілін тапқан маман» деп атайды.
Жаңаарқа ауданының Ақтасты елді мекенінде тұратын азамат ескі көліктерді жөндеп қана қоймай, жетілдіре біледі. Еңбекке ерте араласқан ол өзі құрастырған техникалардың көмегімен бүкіл ауылдың тірлігін атқарып отыр.
Марғұлан Жақаевтың үйінің ауласын шағын автопарк дерсіз. Қаз-қатар тізілген техниканың ең жаңасы осыдан 30-40 жыл бұрын шыққан. Дегенмен жаңасына бергісіз. Марғұлан оларға заманауи техникалардың қосалқы бөлшектерін салып, жетілдіре түскен. Ал жүк тиеп, шөп артатын құралдарды қолға түскен темірден құрастырып ала береді.
Марғұлан Жақаев, Ақтасты ауылының тұрғыны:
- Дамымай қалған жерлері болады ғой, соларды жасап. Турбина деген бар, мысалы. Тракторға кішкене күш қосып. «Доработка» деп айтады ғой. Жетілдіру. Рөлге ГУР салып жатырмыз. Интерпуллер дейді. Мысалы, тырнауышты рычагпен көтересіз ғой. Қазір менде батырма тұр. Кеңестік тракторларда жайлылық жоқ қой. Сол жайлылыққа қарай кішкене келе жатырмыз.
Марғұлан қазір май-суын тексеріп, техникаларын қысқы маусымға әзірлеп жатыр. Себебі, ала жаздай ауылдың жем-шөбін әзірлеген азамат 6 ай қыста өзі жетілдірген тракторымен жерлестеріне жәрдем береді.
Нұртай Лесхан, көршісі:
- Өте еңбекқор. Ісіне адал. Сосын өзінің бір ерекшелігі бар. Бір нәрсе істесе, беріліп істейді. Мынау біреудікі деп бөліп жармайды. Бүкіл ауылдың техникасын осы жөндеп, көрсетіп береді. Үйретеді. Жасап береді. Ол жағынан өте белсенді. Білмеген нәрсемізді осы жігіттен келіп сұраймыз.
Ұсталық өнер Жақаевтар әулетінің қанында бар. Темір-терсекке үйір ұлының шеберлігін шыңдап, адал еңбекке баулыған әкесі де кезінде үздік механизаторлардың бірі болған.
Құдайберген Жақаев, әкесі:
- Марғұланның техникаға құштары бар екені 7-8 сыныпта оқып жүргенде байқалды. Келе-келе осындай дәрежеге жетіп жатырмыз. Қазір жаңа техниканы алудың өзі әжептәуір ақша тұрады ғой. Жасаған жаңағы МТЗ-80-ізді жаңа техникаға айырбастауға болмайды енді. Расы керек.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Марғұлан кез келген техниканың күші мен өнімділігін арттырудың сырын жақсы біледі. Мысалы, мына шөп шабатын техниканың зауыттан шыққандағы күндік нормасы – 20 гектар. Ал Марғұлан енгізген өзгерістерден соң оның өнімділігі екі есеге дейін артқан. Ол үшін қосалқы бөлшектерін ауыстырып, қажет болса, дөңгелегіне дейін өзгертеді.
Марғұлан ойлап тапқан жаңашылдықтар Ақтасты ауылының игілігіне жарап тұр. Көрші-көлем қора-қопсының өзін Марғұлан секілді сала бастаған. Өйткені ол соққан ғимараттың желдеткіші мен есік-терезесі толықтай автоматтандырылған.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшахира Серекбаева.