Шаңғы маусымының ашылуы кейінге шегерілді

Шығыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында қысқы спорт маусымы кеш басталатын түрі бар.

Себебі тауда қар әлі қалың емес. Қарашаның ортасынан асса да, күн жылы. Синоптиктердің айтуынша, қысы қатты өңір үшін ерекше жағдай болып тұр. Мұндай ауа райы отыз жылдан бері болмаған. 

Былтыр осы уақытта Глубокое ауданындағы мына тауларды қар басып, қысқы спорт түрлері қызып тұрған еді. Биыл жағдай басқаша. Маусымның ашылуын асыға күтіп жүргендердің  бірі - фристайлдан өңірлік федерация жетекшісі Александр Чиликин. 

Шаңғымен зырылдау үшін, қар қалыңдығы жоқ дегенде 50 см болуы қажет. Алайда ақ ұлпаның төпелейтін түрі жоқ. Өйткені қазір сынап бағанасы 0-ден жоғары. Ал таудағы демалыс базалары үшін бұл қып-қызыл шығын.

Александр Чиликин, облыстық фристайл және сноуборд қауымдастығының төрағасы:
- Жұмыс уақыты кем дегенде бір аптаға кешігіп басталғалы тұр. Бұл аз болып көрінгенімен, біз осы бір аптада 20-30 миллион теңге шығынға ұшыраймыз.

Ал Риддерге қар жылдағыдай жауды. Қысы алты айға созылатын Алтай таулары ақ ұлпаға оранып жатыр. Спортшылар үшін қазір қауырт кезең. Синоптиктер қар әлі түспеген аудан тұрғындарын сабырға шақырды. Өңірде қыс басталатын күн алыс емес. 

Айжан Иманғабасова, облыстық «Қазгидромет» РМК синоптик маманы:
- 19 қарашадан бастап бізде ауа температурасының төмендеуі күтілуде. Осы Шығыс Қазақстан облысының солтүстінінде және шығысында қатты жауын шашын күтілуде деп болжануда.

Ендеше қысқы туризмді ұнататын жұрт таяуда тауға ағыла бастайды. Ал биатлоншылар мен шаңғышылар дайындыққа кіріседі. Өйткені екі жылдан соң спортшыларды қысқы Олимпиада күтіп тұр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин