Әлеуметтік салада қандай өзгерістер бар?

Әлеуметтік салада қолға алған ауқымды жоба мұнымен бітпейді.

Келер жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама іске аспақ. Таяуда Мемлекет басшысы заңнамалық түзетулерге қол қойғаны белгілі. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар жандарды түрлі қолдау шарасы да қолға алынды.

Президент қол қойған заңнамалық түзетулер аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50% 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінеді. Бұл қаражатты ел азаматтары кәмелеттік жасқа толған соң білімге немесе баспана сатып алуға жұмсай алады.

Ал бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды.

Гүлмира Жәкенқызы, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаменті басқармасының басшысы:

- Биылғы жылы Әлеуметтік кодекс аясында мүгедектігі бар отбасыларды қолдау мақсатында олардың жәрдемақы көлемі ұлғайтылды. Оның ішінде жанұясында мүгедектігі бар баласы бар отбасына, өзінің күтушісіне, ата-анасына арналған жәрдемақы бар. Егер 1 қаңтардан бастап оның көлемі 56 мың теңге болса, Әлеуметтік кодекс енгеннен кейін 1 шілдеден бастап 65 мың теңгені құрайды.

Тұрмысы төмен мүгедектігі бар кәсіпкерлерге 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін 9 мыңнан астам грант берілді. Мемлекеттік қолдауға ілігу үшін «business.enbek.kz» порталы арқылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқуы қажет. I топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың күтім жасайтын отбасы мүшелеріне жеке көмекші ретінде еңбек ақысын төлеу және жұмыс уақытын еңбек өтіліне қосып тіркеу мүмкіндігі енгізілді. Биыл шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы былтырғымен салыстырғанда 21,5% қысқарды.

Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мүгедектігі бар тұлғалардың құқығын қорғауға арналған Мемлекет басшысының тапсырмасы жүзеге асырылып жатыр. Оның айғағы көрінісі Парламент қабырғасында мүгедектігі бар тұлғалардың квотасы Конституция шеңберінде енгізілді. Күні кеше Мәжіліс қабырғасынан шығып, Сенатқа жолданған Салық кодексіне түзетулер енгізілді. Мына мүгедектігі бар тұлғалар зейнетақысын алған уақытта салықтан босату.

Тағы Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Өтінішті толтыру және жәрдемақылар мен төлемдерді тағайындау автоматты түрде жүзеге асырылады. Артынша қаражат қызмет алушының банктік шотына аударылады.

Айдар Қасенов, ҚР ЕХӘҚМ Цифрландыру департаменті басқармасының басшысы:

- Отбасының цифрлық картасы азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілді мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу туралы күнделікті электронды хабарлама болып табылады. Ағымдағы жылдың басынан бастап 774 мың азаматқа мемлекеттік қызметке келісім алу үшін тиісті SMS жолданды. Оның ішінде 303 мың адамға проактивті түрде тағайындалды. 142 мың азаматқа басқа төлем көздерінен алды.

Айта кеткен жөн, цифрлық карта мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйесіндегі деректер негізінде қалыптасады. Бүгінгі таңда онда 6 млн астам отбасы туралы мәлімет жинақталған.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Диас Қовланбаев.