Биыл елде 25 бала кісі қолынан көз жұмды

6 бүлдіршіннің ажалы өзінің жақын адамынан болған.

Мұны Бала құқықтары жөніндегі уәкіл өзінің Instagram парақшасында жазды. Динара Зәкиева мұндай қайғылы жағдайдың 70%-іне өзге адамдар куә болатынын, алайда тиісті мекемеге дер кезінде хабар бермейтінін атап өткен. Сондықтан уәкіл балаға қауіп төніп тұрғанын байқасаңыз, «111» немесе «102» нөміріне шұғыл хабарласу керектігін қаперге салды. Сондай-ақ Динара Зәкиева бала қауіпсіздігіне қатысты заңға өзгеріс енгізіп, жазаны қатаңдату керек деді.

Динара Зәкиева, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Кадр керек. Заңдарды қабылдау кезінде біз олардың орындалуын қамтамасыз етуіміз қажет. Қазір 6,8 млн балаға барлығы 303 қамқоршы қызметкерден, яғни бір қызметкерге 22 мың баладан келеді. Кем дегенде 5 мың балаға 1 қызметкер болуы керек. Бұл мәселені біз тиісті министрлікпен бірге ақылдасып жатырмыз. Президенттің зорлық-зомбылыққа қарсы күрес пен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша көңіл бөлуін үлкен қолдау деп есептейміз. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.