Елордада онкологияның өзекті мәселелері талқыланды
Елімізде жыл сайын 35 мыңнан астам адам қатерлі ісік дертіне шалдығады екен.
Ал қазір 205 мыңнан астам адам онкологиялық тіркеуде тұр. Аз көрсеткіштер емес. Жыл сайын 4-5%-ке артып отыратыны тағы бар. Алайда соңғы жылдары аурудан болатын өлім-жітім 33%-ке азайған. 2 жылда бір өтетін скринингтің нәтижесі – бұл. Ал обыр алғашқы сатысында анықталса, науқастардың 94%-ін емдеп шығуға мүмкіндік бар.
Бүгін Астанада қатерлі ісіктерді, ерте диагностикалау, оның алдын алу сынды тақырыптарды арқау еткен халықаралық конференция басталды. Іс-шара 2 күнге жалғаспақ. Оның аясында кеуде хирургиясы, онкоурология сынды шеберлік сағаттары өтеді.
Бақтыбай Оразбеков, Астана қаласы Көпсалалы медицина орталығы директорының орынбасары
- Бұл – 13-ші конференциямыз. Онкологиялық науқастарды қазіргі заманауи тәсілмен диагностика қою, жаңа тәсілмен емдеу. Сол жайлы жаңалықтарды басқа елдерден келген өзіміздің әріптестермен бөлісу, солардың тәжірибелерін өзімізге барынша енгізу. Мақсатымыз сол.