«9-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

Жеті емес, 9-20-25. Қате естімедіңіз, бұл – келер жылы іске қосылатын жаңа тұрғын үй бағдарламасы.

Ол жайында ақпарат құралдарының өкілдері Премьер-министр Әлихан Смайыловтан Сенаттың жалпы отырысынан кейін сұраған болатын. Тілшілердің сауалына жауап бере келе, Үкімет басшысы жаңа бастаманың бұрынғы 7-20-25 бағдарламасынан қандай айырмашылығы болатынына да тоқталды. 9-20-25 бағдарламасы 9%-тік мөлшерлемемен 25 жылға ипотекалық несие беруді көздейді. Ол үшін 100 млрд теңгені нарықтан тарту және «Отбасы банкінің» таза табысынан 50 млрд теңге бөлу қарастырылады. Бүгінде оны іске қосу үшін қажетті есеп-қисап жүргізіліп жатыр. Бағдарлама негізінен жастарға арналуы мүмкін.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- 7-20-25 іске асыру үшін қаражат керек. Ұлттық банк өзінің лимиттерін қойды. Бұл лимит сұранысқа жеткіліксіз. Енді Ұлттық банк сондай шектеу қойғаннан кейін біз Үкімет шеңберінде Отбасы банк және «Бәйтерек» холдингі бірлесіп, қосымша тағы да жаңа бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Ол – 9-20-25. Соның өзі 9% деген – қазіргі жағдайда өте төмен проценттік ставка. Оны іске асыру үшін біз қазір есептерді жүргізіп жатырмыз. Оған жыл сайын 150 млрд теңге керек және 8 мың отбасы немесе адам сондай ипотеканы алуға мүмкіндік алады.