Түркістанда білім саласын дамыту басты назарда

«Білім беру жүйесіне инновациялық тәсілдер мен жаңа технологияны енгізу – бәсекеге қабілетті маман дайындаудың негізгі жолы».

Бұл Түркістанда өтіп жатқан «Туризм, инвестиция, цифрландыру» атты халықаралық форумға қатысушылардың пікірі.

Халықаралық форумда білім саласын сандық технологияға көшіру, заманауи технологияларды қолдану, оқыту әдістемесін өзгерту және инновациялық тәсілдерді енгізу мәселесі талқыланды. Әсіресе, ЖОО-да нарықтың сұранысына сай маман дайындауға баса назар аударылды.

Шемсеттин Чиғдем, Газиантеп университетінің доценті:

- Біз болашақты қалай дайындаймыз? Оларға білім береміз. Жастарды неге дайындаймыз? Қоғамның өмірін дамыту үшін дайындаймыз. Сондықтан жаңа технологиялар және қоғамның талаптарын біздің жастарға үйретуіміз керек. Әсіресе, IT, ақпараттық технология дамығаннан кейін жұмыс берушілер көбінесе осы сала бойынша жұмыскерді талап етеді. Біз бұл мамандарды университтер дайындап, нарыққа ұсынуымыз керек.

Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда. Сондықтан демографиялық өсімнің білім беру саласына да әсері бар. Өңірде үшауысымды мектеп мәселесі өзекті. Оны шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 49 мың балаға арналған 63 мектеп салынады. Биыл 29 мектеп пайдалануға берілмек.

Бейсен Тәжібаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Осы арқылы өңірдегі апатты және үшауысымды мектептердің мәселесін толығымен шешуді көздейміз. Себебі сапалы білім беру үшін ең алдымен қалыпты материалдық-техникалық база қажет. Себебі өңірдегі адам капиталы бізде ең жоғарғы көрсеткішке ие. Жылына 55 мың бала туылады. 11 сыныпты 30 мың бала бітірсе, 1 сыныпқа жылына 50 мыңнан аса бала келіп отыр. Ортадағы айырмашылық жоғары. Сондықтан біздің өңір үшін мектептер әрдайым өзекті бола береді.

Өңірде мектеп салумен қатар ұстаздардың білімін арттыруға да баса назар аударылып келеді. Облыста 900-ден астам мектеп арнайы пән кабинеттерімен қамтылған. Аймақ басшысының қолдауымен білім беру мен адами капиталды дамыту бағытында көптеген кешенді жоба қолға алынған. Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов