Қостанай облысында суармалы жердің көлемі 2 есе артады
Яғни, 7 мың гектардан 14 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.
Бұл жөнінде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы маусым ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қолайсыз болды. Орақ науқаны кезінде жауын қалыпты жағдайдан көп жауып, өнімдің сапасына кері әсер етті.
611 млрд тг. Биыл Қостанай облысында осынша көлемдегі ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды. Бұл былтырғы көрсеткіштен төмен. Десе де, жергілікті халықтың азық-түлікке сұранысын өтеуге мүмкіндігіміз бар деді әкім. Жем-шөп те толықтай дайын. Жалпы салаға биыл 84 млрд тг инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғана 11 проценке көп.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Кейінгі жылдары отандық «Айна», «Фантазия» сияқты сұрыптар жақсы өнім беріп жатыр. Олар құрғақшылыққа төзімді. Алайда, суару мәселесімен әлі де айналысу қажет. Қазір бізде 7 мың гектар жер суарылады. Оның көлемін кемі 2 есеге арттырамыз. Осындай нақты жоспарымыз бар. Мемлекет өз тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын.
Бұған қоса, аймақта 7 сүт-тауарлы ферманың құрылысы жүріп жатыр. Оны іске қосудың нәтижесінде өнім көлемі 30 пайызға артады. Дәл осылай жыл сайын кемі 10 нысан салу жоспарланып отыр.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Сүт-тауарлы фермалары ашылса, міндетті түрде жыл сайын 35-40 адам жұмысқа тартылады. Тиімділігі осында. Бұған қоса, ата-бабамыздың кәсібі. Толығымен шығарып тұрсақ – азық-түлік қауіпсіздігі.
Таяуда аймақта биенің құғақ сүті де өндіріле бастайды. Жаңа зауыт жылына 40 тонна өнім шығармақ. Сонымен қатар, ірімшіктің 10 түрін дайындайды. «Қазірдің өзінде Германияға экспорттау жөнінде келісім бар», - деді Құмар Ақсақалов.
Авторлары: Аслан Қаженов, Асхат Қарақойшиев