Қажылыққа барушыларды алдаған турфирма басшысы ұсталды
Қажылыққа апарам деп елді алдағандар ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар Сауд Арабиясының мемлекеттік ресми сайтына ұқсас жалған сайт ашқан. Сол арқылы бес парыздың бірін орындаймын деп ниеттенген жамағатты алдаған. Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, «Zam Zam Qazaqstan» туристік компаниясының басшысын абақтыға қамады.
Балабек Бекболатов, ІІМ Тергеу департаментінің басқарма бастығының орынбасары:
- Сауд Арабиясы мемлекеттік органның ресми сайтына ұқсас, қажылық жасауға берілген виза растайтын жалған сайтты құру фактісі анықталды. 22 қарашада сот санкциясымен күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де мәліметтер жария етілмейді.