Қостанай облысындағы 6 ауылға ауызсу жетті

Қостанай облысының Федоров ауданында ауылдарды ауызсумен қамту бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір ауылға ауызсу жетті, тағы 5 елді мекенде құрылыс жұмыстары жақында аяқталады. Сөйтіп, аудан тұрғындарының 90%-і сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етілмек. 

Владимир Убыкин – Первомай ауылының байырғы тұрғыны. Ес білгелі мұнда орталықтандырылған су жүйесі болған емес, - дейді. Негізінен жергілікті жұрт құдық суын тұтынған.   

Владимир Убыкин, Первомай ауылының тұрғыны:

- Осыған дейін ұңғымадан су алып келдік. Қазір, міне, орталықтандырылған жүйе үйге кіріп тұр. Қысымы жақсы. Одан бөлек, қазір бұрынғыдай ыдыстарда қақ тұрмайды. Таза, сапасы жоғары.

Қазір Первомайда 715 адам тұрады. Негізінен жергілікті жұрт құдық және ұңғыма суын тұтынған.  

Максим Турмин, Первомай ауылының әкімі:

- Құдықтағы жерасты суы кей кездері таязданып кетеді. Сапасы да күмәнді еді. Құрамында темір, кремний, тұз, тағы да элементтер шектен тыс көп болатын. 

Қазіргі кезде орталықтандырылған жүйеге ауылдағы 150 абонент қосылған. Барлық әлеуметтік нысандарға және тұрғын үйлердің жартысына су құбыры кіріп тұр. Кейбір ауылда құрылыс жұмыстары әлі жалағсып жатыр.  

Карина Мұратова, Федоров ауданы әкімінің орынбасары:

- Биыл 4 нысанның құрылысы аяқталады. Атап айтсақ, Копычен, Ленино, Заозерный және Чистый Чандак ауылдары орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Сондай-ақ Федоровтан Пешков елді мекеніне құбыр тартуды жыл соңына дейін аяқтаймыз. Сонда аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 89,7%-ке жетеді.

Алдағы жылы тағы 2 елді мекенге таза ауызсу тарту жоспарланып отыр. 16 ауылға құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Жалпы биыл Федоров ауданы бойынша ауызсумен қамтуға 2 миллиард тенгеден астам қаржы бөлінген.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров.