Абай облысында өртенген орманда санақ жүргізіліп жатыр

Қазіргі таңда 5 жылдық кешенді жоспар әзірленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда табиғи резерват мамандары қолда бар техника күшімен жұмысты уақытында аяқтап үлгере алмай қаламыз ба деп алаңдайды. Өйткені отқа оранған аумақ тым үлкен. Осы уақытқа дейін күйік шалған 63 мың гектардың тек 900 гектарға жуығы есепке алынған.

Азамат Қасым, тілші:                                

- Қазір «Семей орманы» табиғи реверватындағы 3 филиалда өртенген қарағайларды санау жұмысы жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, 3 айдың ішінде 870 гектар алқаптағы ағаштар тізімге алынған.

Александр Трушин, «Семей орманы» табиғи резерваты Батпай орман шаруашылығының директоры:

- Орман шаруашылығынан 18 шақырым жердеміз. Міне, 2 ай болды өртенген ағаштарды сұрыптап, тізімдеп жатырмыз. Көріп тұрғандарыңыздай, орман іші ойлы-қырлы. Жүріп-тұру да қиын. Бұл бізге кедергі келтіріп жатыр.

Табиғи резерват күйген ағашты санап, кесу жұмысын жүргізу үшін 5 жылдық арнайы кешенді жоспар әзірлеген. Алайда олар қазіргі қолда бар техника күшімен үлгере алмай қаламыз ба деп алаңдаулы. Өйткені аумақ тым үлкен. Шамамен 70 шақырымға жуықтайды.

Ғани Алпысшалов, «Семей орманы» табиғи резерваты бас директорының орынбасары:

- Оқу орындары бар, көмекке кім келеді? Волонтерлер бар. Соның бәрін тартып. Солар арқылы үлкен проблеманы шешу керек. Мынау біздің ғана проблема емес, бүкіл Қазақстанның проблемасы болып тұр қазір. Қазір, міне, зиянкестер қаптап жатыр. Біз әлі күнге дейін мына бұрынғы өртенген жерлерді отырғызып болғанымыз жоқ. Ол жерлердің бәрінде әлі күнге дейін отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Отқа оранған 63 мың гектар алқапты желектендіру – екінші мәселе. Мамандардың есебінше, өртенген қарағайлы орманды қалпына келтіру үшін 300 миллионға жуық көшет отырғызу керек.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.