Қызылша жұқтырған 30 бала жансақтау бөлімінде жатыр

Елімізде қарашада 6 мыңнан астам адам қызылша дертін жұқтырған.

Ауруға шалдыққандар саны республика бойынша 17 мыңнан асып отыр. Науқастардың 82%-тен астамы – балалар, оның көпшілігі вакцина алмаған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. 30 бала жансақтау бөлімшелерінде ауыр халде жатыр, оның ішінде 1 жасқа дейінгі 15 бүлдіршін бар. Қызылшамен ауырған науқастар үшін инфекциялық ауруханаларда 3,5 мыңнан астам төсек-орын қарастырылған. 1 мың орын резервте тұр.

Қыркүйектен бастап сырқаттанғандардың саны күрт артты. Оған бүлдіршіндердің балабақша мен өзге ұжымдарда жиналуы себеп. Нәтижесінде вирус жұқтыру деңгейі екі есе өскен. 1 жастан 6 жасқа дейінгі 600 мыңнан астам бала жоспарлы екпе алды. Жыл соңына дейін осы жас аралығындағы 100 мыңнан астам баланы қамту жоспарланып отыр.