Маңғыстау энергокомбинатындағы жылу электр станциясы жөнделеді
«Маңғыстау энергокомбинатындағы жылу электр станциясы толық жөнделеді. Жоба 2026 жылы аяқталады. Оған келер жылдан бастап қаражат бөлу қарастырылып жатыр».
Ақтау жұртшылығымен кездескен энергетика вице-министрі осылай деді. Асхат Хасеновтың айтуынша, станцияда үш энергоблок бар. «Оларда тозған құрал-жабдығын ауыстырған соң электр қуатын тұрақты өндіруге мүмкіндік болады. Жалпы, кәсіпорнындағы қондырғылардың 80 пайызы ескірген күйде» - деді вице-министр. Биыл тамызда Маэкте болған апат салдарынан Маңғыстау және Атырау облысында елдімекендер жарықсыз қалған еді. Күні кеше «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы-Атырау-Маңғыстау» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 780 шақырымдық бес электр желісі іске қосылды. 220 киловаттық тағы бес желінің қуаты артты. Бұл батыстағы энергонысандардағы апатты жағдайды азайтуға сеп болады деп күтіледі.
Асхат Хасенов, ҚР энергетика вице-министрі:
- Республикалық бюджеттен, яғни Үкімет резервінен ақша бөлінді. Оған ТЭЦ-1 мен ТЭЦ-2 жұмыстары жүргізілді. Енді бізде ТЭС деген бар, өздеріңіз білесіздер. Оның да үш энергоблогын кезең-кезеңімен жөндеу керек. Яғни, 2024-тен бастап болжам бойынша қаражат бөлінетін болады. Сол жұмыстар жасалады.